Сауда және интеграция министрлігі мәліметінше, биылғы форумға әлемнің 18 елінен 330-дан астам делегат қатысты. Олардың қатарында Қазақстандағы 50-ден астам май өңдеу кәсіпорнының басшылары, мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың, қаржы институттарының, агроөнеркәсіптік холдингтердің, логистикалық компаниялардың өкілдері және әлемдік нарықтағы жетекші компаниялар бар.
Конференцияны Қазақстанның Майлы дақылдарды өңдеушілер ұлттық қауымдастығы ҚР Сауда және интеграция министрлігі, ҚР АШМ және «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ-ның қолдауымен ұйымдастырды. Форум жұмысына International Trade Centre, БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (ФАО), Еуропалық қайта құру және даму банкі, сондай-ақ Wilmar, Bunge, Kourosh Food Industry, Huatai, Chinese Cereals and Oils Association, China Vegetable Oil Industry Association секілді халықаралық ұйымдар мен жетекші компаниялардың өкілдері қатысты.
Конференцияның ашылуында сөз сөйлеген Қазақстан Сауда және интеграция вице-министрі Әсет Нүсіпов май өңдеу саласының бүгінде жаһандық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі стратегиялық маңызы артып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, халықаралық қатысушылар санының жыл сайын артуы осы саланың әлемдік экономикадағы рөлінің күшейгенін көрсетеді.
Вице-министр аграрлық өңірлерге жасалған жұмыс сапарлары мен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен кездесулер отандық агроөнеркәсіп кешенінде түбегейлі өзгерістер жүріп жатқанын дәлелдейтінін айтты. Қазақстан біртіндеп шикізат экспортынан жоғары қосылған құны бар өнім өндіруге, терең өңдеуді дамытуға және жаңа экспорттық нарықтарды игеруге көшуде.
Бұл өзгерістердің нақты нәтижелері халықаралық деңгейде де көрініс табуда. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан күнбағыс майын экспорттайтын әлемдегі жетекші мемлекеттердің қатарына қосылып, жаһандық экспорт көлемінің шамамен 3,6 пайызын қамтамасыз етті. Сондай-ақ еліміз Қытай нарығында күнбағыс майын экспорттаушы елдер арасында екінші орынға көтерілді. Бір жыл ішінде майлы дақылдар мен май өнімдерінің экспорты 70 пайызға өсіп, экономиканы әртараптандыру мен шикізаттық емес экспортты дамыту бағытындағы табысты саясаттың айқын нәтижесіне айналды.
Бүгінде май өңдеу саласы өңдеуші өнеркәсіптің негізгі өсу нүктелерінің бірі саналады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша саладағы өндіріс көлемі алғаш рет 1,57 миллион тоннадан асып, экспорттық түсім рекордтық деңгейге – 963 миллион АҚШ долларына жетті. Салыстырмалы түрде алғанда, 2021 жылы бұл көрсеткіш небәрі 240 миллион АҚШ доллары болған. Осылайша, төрт жыл ішінде экспорттық түсім көлемі төрт еседен астам өсті.
Әсіресе күнбағыс майын өндіру қарқынды дамып келеді. Соңғы төрт жылда оның өндірісі 2,3 есеге артып, 752 мың тоннадан асты. Сонымен қатар Қазақстан ішкі нарықтағы импортқа тәуелділікті айтарлықтай төмендетті. Егер 2015–2021 жылдары импорттық күнбағыс майының үлесі орта есеппен 39 пайыз болса, бүгінде бұл көрсеткіш 18 пайыздан аспайды.
Қазір май өңдеу саласы еліміздің өңделген ауыл шаруашылығы өнімдері экспортынан түсетін валюталық кірістің төрттен бірінен астамын қамтамасыз етіп отыр. 2025 жылдың қорытындысы бойынша оның үлесі 27 пайызға жетіп, саланы Қазақстан экономикасының тұрақтылығын қамтамасыз ететін маңызды бағыттардың біріне айналдырды.
Өңдеу көлемінің артуы бүкіл агроөнеркәсіп кешенінің дамуына серпін беріп отыр. Отандық кәсіпорындардың майлы дақылдарға деген сұранысының өсуі егіс алқаптарының кеңеюіне, ауыл шаруашылығына инвестиция тартудың артуына және өндірістік қуаттардың жаңғыртылуына ықпал етті. Сонымен қатар терең өңделген өнім өндірісінің ұлғаюы мал шаруашылығы, құс шаруашылығы, құрама жем өндіру және тамақ өнеркәсібі сияқты сабақтас салалардың дамуына оң әсерін тигізіп отыр.
Конференция барысында азық-түлік қауіпсіздігі мен баға тұрақтылығы мәселелеріне ерекше назар аударылды. ФАО деректеріне сәйкес, 2023 жылдың мамыр айынан 2025 жылдың соңына дейін әлемдік өсімдік майлары бағасының индексі 39 пайызға өскен. Ал Еуропа биржаларында күнбағыс майының бағасы осы кезеңде 47 пайызға қымбаттаған. Соған қарамастан, Қазақстанда мемлекет пен бизнес арасындағы тиімді әріптестіктің арқасында ішкі нарықтағы баға тұрақтылығы сақталды.
Майлы дақылдарды өңдеушілер ұлттық қауымдастығы, Ауыл шаруашылығы министрлігі және Сауда және интеграция министрлігі арасында жасалған меморандум аясында ішкі нарыққа арналған күнбағыс майының көтерме бағасы үш жылдан астам уақыт бойы литріне 730 теңгеден аспады. 2026 жылдың ақпан айында бұл тетік осы жылдың соңына дейін ұзартылды.
Бүгінде қазақстандық май өнімдері әлемнің 20-дан астам еліне экспортталады. Негізгі нарықтар қатарында Қытай, Орталық Азия мемлекеттері және Еуропалық одақ елдері бар. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан күнбағыс майын экспорттау көлемі жөнінен әлемде алтыншы орынға көтерілсе, Қытай нарығында екінші орынды иеленді.
Соңғы екі жыл ішінде Қазақстан Өзбекстан мен Тәжікстанға өсімдік майларын жеткізетін ең ірі экспорттаушы мемлекетке айналды. Қазіргі уақытта бұл елдердің импорттық қажеттілігінің 90 пайыздан астамы Қазақстан өнімдері есебінен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар еліміз Орталық Азияның күнбағыс шроты бойынша сұранысын толық өтеп, Еуропалық одаққа аталған өнімді жеткізуші үш ірі елдің қатарына енді.
Әсет Нүсіповтің айтуынша, мұндай жетістіктерге жүйелі мемлекеттік саясат пен бизнес қауымдастықпен орнатылған тиімді әріптестіктің арқасында қол жеткізілді. Өткен жылы салалық қауымдастықтармен, халықаралық серіктестермен және «QazTrade» АҚ-мен бірлесіп Май өңдеу өнімдері экспортының 2028 жылға дейінгі даму жөніндегі жол картасы әзірленді.
Аталған құжатты іске асыру нәтижесінде алдағы екі жылда саланың экспорттық түсімі тағы 60 пайызға артып, 1,5 миллиард АҚШ долларынан асады деп жоспарланған. Бұл Қазақстанға күнбағыс майын экспорттайтын әлемдегі төрт ірі елдің қатарына енуге және болашақта алғашқы үштікке қосылуға мүмкіндік береді.
Стратегияның маңызды бағыттарының бірі көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту болып саналады. Қазақстан Транскаспий халықаралық көлік бағытының әлеуетін кеңейтіп, теміржол инфрақұрылымын жетілдіру және порттық қуаттарды жаңғырту жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп келеді.
2026 жылы Ақтау портында алғаш рет өсімдік майын тікелей теңіз кемесіне тиеу жүзеге асырылды. Сонымен қатар «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының қолдауымен Достық – Алашанькоу шекаралық өткелі арқылы Қытайға түйіршіктелген күнбағыс шротын жеткізу бойынша пилоттық тасымалдар басталды.
Тағы бір маңызды оқиға – Қазақстан тарихында алғаш рет күнбағыс майының флекситанк контейнерлері арқылы Шығыс Қазақстан облысынан Қытайдың Цзянсу провинциясына жөнелтілуі болды. Ұзындығы 4700 шақырым болатын бағыт небәрі 12 күн ішінде еңсеріліп, заманауи логистикалық шешімдердің тиімділігін дәлелдеді.
Сонымен қатар қазақстандық өндірушілер үшін сыртқы сауда мүмкіндіктері кеңейіп келеді. Қазіргі уақытта Қазақстан Вьетнаммен, Сербиямен және Иранмен еркін сауда туралы келісімдерді тиімді пайдаланып отыр. Өткен жылы Біріккен Араб Әмірліктерімен, Моңғолиямен және Индонезиямен жаңа келісімдерге қол қойылды. Бұдан бөлек, Үндістанмен еркін сауда аймағын құру жөніндегі келіссөздер жалғасып жатыр. Бұл қазақстандық экспорттаушылар үшін әлемдегі ең ірі тұтыну нарықтарының біріне жол ашады.
Вице-министр майлы дақылдар экспортының жоғары көрсеткіштеріне де тоқталды. Осы маусымның қыркүйек–сәуір айлары аралығында зығыр экспорты шамамен 1 миллион тоннаға жетіп, ел экономикасына 500 миллион АҚШ долларына жуық табыс әкелді. Негізгі сатып алушылар қатарында Қытай мен Еуропалық одақ елдері бар.
Осы кезеңде рапс экспорты 200 мың тоннадан асып, негізгі жеткізу бағыттары ретінде Қытай, Польша, Латвия және басқа да Еуропа мемлекеттері қалыптасты.
Сауда үдерістерінің ашықтығы мен тиімділігін арттыру мақсатында Ұлттық тауарлар каталогы енгізіліп жатыр.
Бұл цифрлық жүйе өнімдерді біріздендіріп, олардың атауы мен сыныпталуына қатысты айырмашылықтарды жоюға мүмкіндік береді. Күнбағыс майы мысалында бұл жүйе ішкі нарықта да, экспорттық операцияларда да өнімді бірыңғай қағидаттар бойынша сәйкестендіруге жағдай жасайды.
Халықаралық сарапшылардың бағалауынша, алдағы жылдары өсімдік майларының әлемдік нарығы тұрақты өсімін сақтайды. Қазіргі уақытта әлемдік тұтыну көлемі жыл сайын 220 миллион тоннадан асып отыр және бұл көрсеткіштің одан әрі ұлғаюы күтіледі. Бұл Қазақстан үшін жаһандық азық-түлік нарығындағы өз позициясын нығайтуға қосымша мүмкіндіктер ашады.
Конференцияға қатысушылардың пікірінше, Қазақстанның май өңдеу саласы терең өңдеуді дамыту, заманауи технологияларды енгізу және жоғары қосылған құны бар өнім экспортын ұлғайту арқылы тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз етудің жарқын үлгісіне айналды. Бұл бағыт елдің экспорттық әлеуетін арттыруға, жаңа нарықтарды игеруге және азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға елеулі үлес қосып келеді.
Айта кетейік, Қазақстан әлемдік күнбағыс майы экспортында 8-орынға ие болды.