− Маймыл шешегі бойынша әлемдік статистика қандай? Көршілес елдердегі ахуал ше?
− Мұнда атап өтерлік нәрсе, маймыл шешегі 1958 жылдан бастап, яғни 64 жылдан бері белгілі. Алайда, биылғы 7 мамырдан кейін бұл ауру Африкадағы негізгі табиғи ошақтарынан алыс елдерде де жылдам тарала бастады. Індет жөнінде алғаш рет 7 мамырда Лондонда хабарланды, ал 23 маусымнан бастап ДДСҰ оны пандемия деп бекітті. Оның таралу қарқыны алаңдатпай қоймайды: кеше, 18 шілдеде 13 мың жағдай тіркелсе, бүгін – 13 500-ге жеткен. Мемлекеттер бойынша індет біркелкі таралмаған: маймыл шешегін жұқтыру жағдайының 70%-ы 5 елде ғана (Испания – 3 127, Германия – 2 033, АҚШ – 1 972, Ұлыбритания – 1 856, Франция - 912) байқалған. Көптеген қазақстандықтар осыдан бір апта бұрын 12 шілдеде Ресей Федерациясында әзірге тек бір адамда маймыл шешегі табылғанын естіді. Орта Азияда және бізде әлі болмады, болғанын да қаламас едік. Бірақ тәжірибе көрсеткендей, респираторлық инфекциялардың таралуы бойынша біз әлемнен бірнеше аптаға ғана арттамыз.
− Бұл аурудың белгілерін айтып беріңізші және қандай жағдайда медициналық көмекке жүгінген жөн?
− Әдетте симптомдардың үш тобын бөліп алу қарастырылған, олардың еш ерекшелігі де жоқ. Бірінші топ – суық тию белгілері: дене қызуы, қалтырау, жөтел және мұрынның бітелуі және сирек кездесетін белгі – жиі құсу. Үшінші күні симптомдардың екінші тобы пайда болады - бөртпе, бөртпе де төрт кезеңнен өтеді: қызыл дақ, содан кейін папула (іріңсіз бөртпе), везикула (сулы бөртпе) және пустула (іріңді бөртпе). Өкінішке орай, олардың желшешектен айырмашылығы, оның қабыршағына тиіспесе, еш асқыну болмайды, ал басқа кез келген шешекте пустула орнында тыртық қалады. Егер пустула шырышты қабатта, мысалы, көз алмасында пайда болса, көру қабілеті жоғалуы да мүмкін. Симптомдардың үшінші тобы – лимфаденопатия, яғни лимфа түйіндерінің көлемінің ұлғаюы. Бұл маймыл шешегі үшін симптомдардың белгілі бір түрі және ол аз сипатталады. Дәрігерге маймыл шешегі күдігі туғанда-ақ бірден жүгіну керек. Онда сізге ем-дом тағайындалып қана қоймай, осы індеттің елімізде таралуына тосқауыл боласыз.
− Санитарлық нормалар тұрғысынан біз өзімізді қалай қорғай аламыз және маймыл шешегіне қарсы вакцина бар ма?
− Шынымды айтсам, адамзат жұқпалы аурулардың таралуының жеке және популяциялық қауіптерін азайтуға мүмкіндік беретін жүріс-тұрыстың негізгі принциптерін бұрыннан ойлап тапқан. Маймыл шешегі де ерекшелік емес. Егер біз түсініксіз бөртпесі бар адамдардан аулақ болсақ, халық көп жиналатын жерлерде маска режимі мен қашықтықты сақтасақ, қолды жиі жуып, антисептик қолдансақ, белгілі бір дәрежеде инфекцияның алдын алуға болады. Өкінішке орай, маймыл шешегіне қарсы нақты вакцина жоқ. Ағылшын тіліндегі ғылыми әдебиеттерде бір кездері табиғи шешекке қарсы вакцина алған адамдардың маймыл шешегінен 85-90% қорғанатыны туралы жазылған. 1980 жылы ДДСҰ осы қорқынышты ауруды толық жеңгенін жариялады, ал КСРО-да 1982 жылдан бастап шешекке қарсы вакциналау тоқтатылды.
− Бұл қаншалықты зерттелген ауру? Емдеу кезінде қиындықтар туындамай ма?
− Соңғы айларға дейін маймыл шешегі негізінен Африка құрлығының кедейлеу мемлекеттерінде таралды. Тиісінше, оған деген көзқарас таза «академиялық» болды. Сондықтан оның тым күшті және кең таралған проблемаға айналмауын (мысалы, соңғы 2,5 жылдағы коронавирус инфекциясы сияқты) қиялдау ғана қалды. Әзірге әлемде тек бір ғана дәрі-дәрмек – тековиримат маймыл шешегін емдеуге мақұлданған және лицензияланған. Бірақ егер инфекция таралса, ол дәріні жеткілікті мөлшерде шығару керек болады, және бұл оңай емес.
− Маймыл шешегінің өзі және оның салдары қаншалықты қауіпті?
− Қазіргі уақытта Африка құрлығынан тыс жерде маймыл шешегін жұқтырған науқастардың өлімі сирек кездеседі. Мұның косметикалық салдары болуы мүмкін – теріде, тіпті шырышты қабаттарда тыртық қалуы мүмкін. Әсіресе соқырлықпен аяқталатын көздің шырышты қабығының зақымдануы қауіпті. Бұл аурудың асқынуы пневмония, сепсис, энцефалит тәрізді иммун тапшылығы бар науқастарға көбірек тән.
− Жаңа вирус шықты деп айтуға бола ма – оның жаппай жұғуы мүмкін бе?
− Егер 1958 жылдан бастап қарастыратын болсақ, маймыл шешегінің шыққанына 64 жыл болды, бұл соншалықты жаңа індет емес. Бірақ соңғы апталардағы бақылаулар біріншіден, оның таралу жылдамдығы күннен-күнге артып жатқанын, екіншіден, оның географиясы кеңейіп жатқанын көрсетті. Бұл аурудың көбею индексі (R0) 2-ге тең, яғни бір науқас тағы екі адамға жұқтыра алады. Салыстырып қарасақ, «Дельта» коронавирусының штаммында көбею индексі шамамен 7, ал омикрон шамамен 10 болды. Яғни, маймыл шешегі коронавирус сияқты жұқпалы емес. Бірақ арқаны кеңге салуға да болмайды: біз коронавирустың қалай тез мутацияланғанын, алдымен патогенді және вирулентті қасиеттерін жинағанын бәріміз жақсы білеміз. Сондықтан қауіпсіздік шараларын сақтауымыз керек, вакциналау арқылы өзімізді қорғауға мүмкіндік болса, мүмкіндігінше тезірек осындай игі іс туралы шешімді қабылдауымыз керек.