Мәжіліс депутаттары Алматыдағы «Рахат» кондитерлік фабрикасының жұмысымен танысты (ФОТО)

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары, «Нұр Отан» партиясы Мәжілістегі Фракциясының жетекшісі Гүлмира Есімбаева бастаған депутаттар - Зәуреш Аманжолова, Артур Платонов және Ольга Шишигина «Рахат» кондитерлік фабрикасының өндірісімен танысты.

«Рахат» АҚ елдегі экономикалық және әлеуметтік ахуалға қатысты тұрғындардың көңіл-күйін білдіретін өзіндік бір барометр іспеттес. Өйткені, «Рахаттың» өнімдері ең қажетті тауарлардың қатарына жатады. Егер тұрғындар осы өнімдерді сатып алатындай дәрежеде болатын болса, онда халықтың әлеуметтік жағдайын әлемдік дағдарысқа қарамастан жақсы, тұрақты деуге болады», - деді Г. Есімбаева.

Өз кезегінде кондитерлік фабриканың директорлар кеңесінің төрағасы Александр Зенков фабрикада үш өндірістік алаңның бар екендігін атап өтті.

«Бірінші өндірістік алаң - ол, осы біз тұрған өндіріс орны. Қалған екі өндрістік алаң Шымкентте орналасқан», - деді А. Зенков.

Г. Есімбаева одан компанияның соңғы 2 жыл ішіндегі өнімділік жағдайы туралы айтып беруін сұрады.

«Егер шынымды айтсам, 2014 жылы жағдайымыз өте жақсы болған. Біз негізі долларға тәуелдіміз ғой. Өйткені, шикізаттарда шет елдерден долларға сатып аламыз. Ал өз өнімдерімізді ішкі нарықта теңгеге сатамыз. Сондықтан, қазір біздің басты мақсаттарымыздың бірі - халықаралық нарыққа шығу болып отыр», - деді фабриканың директорлар кеңесінің төрағасы.

Ол сонымен қатар, 2013 жылы компанияның меншік иесі ауысқанын жеткізді. Қазір компанияның меншік иесі - Оңтүстік Кореяның Lotte компаниясы. Бұдан басқа, ол фабрикада жұмысшылар мен жұмыс беруші арасындағы еңбек келісімшарты бойынша барлық қатынастардың сақталғандығын айтты.

Айта кетелік, «Рахат» АҚ Қазақстандағы ең ірі кондитерлік фабрикалардың бірі. Бүгінгі таңда фабрикада - 3,4 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Олардың ішінде 254 адам - «Нұр Отан» партиясының мүшесі. Фабрикада 250-ден астам әр түрлі кондитерлік бұйымдар шығарылады.


фото: Александр Павский © 2016 «ҚазАқпарат»