ОРАЛ. 1 шілде. ҚазАқпарат - Ауыл-аймақтарды аралап, өз сайлаушыларымен кездесулер өткізіп жүрген Мәжіліс депутаттары Самиғолла Оразов, Виктор Киянский, Шавхат Өтемісов және Еркін Шпанов 1 шілде күні Ақсай қаласындағы бірқатар құрылыс нысандарында болды.
Қонақтар Ақсай қаласында құрылысы жүріп жатқан аудандық емхана, 10-ықшамауданындағы көп пәтерлі тұрғын үй және «Нұр Отан» ХДП аудандық филиалы ғимаратының құрылыс алаңында болып, құрылысшылармен кездесті. Аудан әкімі Марат Түсіпқалиев Ақсай қаласы шағын қала мәртебесін алғалы құрылыс қарқынды жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Жаңа «Қарашығанақ - 1» ықшамауданы бой көтеруде. Мұнда қазір 75-90 пәтерлік екі тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Тұрғын үйлер алдағы күзде пайдалануға беріледі. «Әлім» ЖШС салып жатқан емхана осы айдың аяғына таман ашылмақ. Күні бүгін жұмыстың 90 пайызы атқарылды. Жаңа емхана қазіргі заманғы медициналық жабдықтармен қамтылды.
Мәжілісмендер ауданда «Қолжетімді баспана - 2020» бағдарламасы бойынша салынып жатқан тұрғын үйлердің сапасына назар аударды. Олар осы күні сондай-ақ қағаз қалдықтарын өңдейтін цехтың жұмысымен танысты.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).