Мәжіліс депутаттары батысқазақстандық жастармен Жолдау хақында ой бөлісті

ОРАЛ. 18 қаңтар. ҚазАқпарат - Мәжіліс депутаттары Шафхат Өтемісов, Самиғолла Оразов, Елена Тарасенко «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының мәжіліс залында жастармен кездесті.

Алғаш болып сөз алған Шафхат Өтемісов жиналғандарды Жолдауды түсіндіру емес, талдауға, ой бөлісуге шақырды. Өз кезегінде Елена Тарасенко жастар ұйымдарының жетекшілеріне қоғамдық істерде белсенділік қажеттілігін айтып, қазақстандық партиотизм туралы ойларымен де бөлісті.

"Нұр Отан" ХДП БҚОФ "Жас Отан" жастар қанатының атқарушы хатшысы Дархан Қадыралиев облыстағы жастар саясатын тілге тиек етті. Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің жастар жетекшісі Мұратбек Ержақыпов Жолдау туралы ойын білдіріп, «Қазақстан-2050» стратегиясын жастарсыз елестету мүмкін еместігіне баса тоқталды. Сондай-ақ халық қалаулыларына қоғамның басты тақырыптарының біріне айналған латын әліпбиі туралы сауал қойды. Шафхат Өтемісов Елбасының бұл бастамасы үлкен зерттеулерге сүйенгенін, бір күнде атқарылатын оңай шаруа еместігін, 2025 жылға дейін кезең-кезеңмен атқарылатын ауқымды жұмыс екендігін әңгімеледі.

Белсенді жастар басқосуда балалардың спортпен айналысуына,түрлі үйірмелерге қатысуына сабақтан бос уақыттары жоқтығын да айтты. Мектеп бағдарламалары күрделене түскен сайын жеткіншектердің дене қозғалысы азайып бара жатқандығына алаңдаушылық танытты. Жастарға қолжетімді спорт кешендерін салу мәселесі де көтерілді. Депутаттар жас кәсіпкерлерді спорт саласына да тарту қажеттігін, бюджеттен қаржы сұрай бермей қолдан келер шараларды жастардың, қоғамдық ұйымдардың өздері де атқаруы керектігін айтты. «Мәселен, биылғы қыстың ауа райы ашық аспан астында суды қатырып, мұз айдындарын жасауға қолайлы. Сол жерлерде жас кәсіпкерлер конькилерді жалға берсе, өзі үшін бизнес, әрі қоғам үшін пайдалы іс болар еді. Мұндай тәжірибе Астана қаласында бар» деді Шафхат Әнесұлы. Самиғолла Оразов жастардың әкімдерді сайлау туралы сауалдарына көзқарасын білдірді.

Белсенді жастың бірі Олжас Иманғазы студенттердің жолақысы мәселесін көтерді. «Темір жол билеттерін айтпасақ та, қоғамдық көлік жолақысына жеңілдік жасалса. Жолақы біртіндеп қымбаттап келгенмен, студенттерге берілетін жолақы қаржысы баяғы көлемде қалуда», деді ол.

Дархан Қадыралиев жиында «Жасыл ел» жасақтарының қаржысын бөлудегі түйткілдерді де ортаға салды. Құрылыс жасақтары мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылмаған соң, студенттер еңбекақыларын айлап ала алмай жүретіндігі айтылды. Жастар қоғамдық бірлестіктердегі еңбек өтілі туралы да ұсыныстарын жеткізді. Астана қаласында өтетін «ЕХРО-2017» көрмесі нысандарының құрылысына жастардың еңбек жасақтарын тарту туралы да сөз болды. Сондай-ақ сөз алған жастар «Жайдарманды» (КВН) қолдау жастар саясатына да үлкен демеу екендігін алға тартты.

БҚО жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының бас маманы Ермек Мұхамбетқалиев депутаттарға «Бүгінде ән, кино сияқты өнер туындылары ешқандай сараптаудан, талдаудан өтпесе де, жастарға тіке жол тартуда. Олардың ішінде ешбір рухани-мәдени пайымға сыймайтын небір жат көріністер жүр. Мұның бәрі жас өскіндердің талғамын қалыптастырып жатыр. Осыны қадағалайтын бір үкіметтік тетік ойластырылса» деген ұсынысын тастады.

-Жастар Жолдаумен жете таныстығына көз жеткіздік. Бізге сауал қоюдағы белсенділіктері емес, сол сұрақтардың салмағына риза болдық. Жастардың мәселені қойғаны ғана емес, соны шешу жолдарын бірге ұсынғаны бізді қуантты. Мемлекеттің жастар саясаты туралы жан-жақты әңгіме өрбіді. Жастардың Жолдаудағы ел алдына қойылған тапсырмаларға жанашырлықпен, белсенділікпен қарауы олардың патриоттық сезімдерін де айшықтайды, - деді кездесуден соң Шафхат Әнесұлы. - Облыста жастардың түрлі қоғамдық бірлестіктерінің көптігі де көңілден шықты. Жастар мәслихаты жұмыс жасап жатыр. Түрлі пікір болған жерде мәселелердің де түрлі шешу жолдары қарастырылады. Ең бастысы, жастар мұндай қоғамдық жұмыстардан халықпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасауды үйренеді. Түрлі заңдарды іс жүзінде қолдануға тәжірибе жинақтайды. Мұндай керемет тәжірибені кабинетте отырған мемқызметкер де жинақтай алмауы мүмкін. Күрделі, ауқымды мәселелер айтылды, ұсыныстармен жұмыстанамыз.