ОРАЛ. 7 шілде. ҚазАқпарат - Мәжіліс депутаттары Виктор Киянский мен Шавхат Өтемісов «Мирзоян» Батыс Қазақстан облыстық армян этномәдени қоғамдық бірлестігінің мүшелерімен кездесіп,
Елбасының Қазақстан халқына арнаған Жолдауын талқылап, жоғары заң шығарушы органдағы атқарып жатқан қызметімен таныстырды.
Қазақстан халқы БҚО ассамблеясы хатшылығынан Ербол Дайыновтың хабарлағанындай, кездесу барысында аталмыш қоғамдық бірлестік төрағасы, қалалық мәслихатттың депутаты Аветик Амирханян облысты мекендеген қандастарының жай-күйі, мәдени-ағарту жұмыстары туралы айтып берді. Парламент депутаттары жиналғандардың көші-қон заңнамасын жетілдіру, шағын және орта бизнесті дамыту, жер мәселесі туралы қойылған сауалдарына жауап беріп, өз ой-пікірлерін білдірді.
Сонымен қатар «Мирзоян» Батыс Қазақстан облыстық армян этномәдени қоғамдық бірлестігінің мүшелері Орал қаласының аумағында Л.И.Мирзоянның атында арнайы шағын саябақ ашуды ұсынды. Армян қоғамының жас өкілдері жиналғандарға өз өнерін көрсетіп, дәстүрлі би нөмірлерін орындады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).