«Погодаев» шекара заставасы мен «Сырым» шекара бақылау бөлімшесі жұмысымен танысты.
Ел арасында Елбасының Жолдауын кеңінен насихаттап жүрген депутаттар Зеленов ауданының аумағындағы «Погодаев» шекара заставасы мен «Сырым» шекара бақылау бөлімшелерінің ғимараттарын аралап, қызметтегі шекарашылардың іс-әрекеттерін өз көздерімен көрді. Олармен тілдесіп, жұмысы мен тұрмыс жайын сұрады. Аталған орындардың басшыларымен әңгімелесіп, шекара жайымен, шаруашылық-техникалық базаларымен жете танысты. Бұл орындарда да сала қызметкерлерімен кездесу өткізіліп, жиындарда Елбасының Жолдауы жан-жақты сөз болды.
«Елбасы кезекті бұл Жолдауын мәлімдегенде, оның алға қойған тапсырмаларына таңданыс білдірген ешкім болмады. Өйткені бұған дейінгі межелерден уақытында өтіп келеміз. Сондықтан мемлекеттің дамуы жолындағы бұл жоспарлардың да мезгілінде орындалатынына ешкім күмән келтірмейді. «Қазақстан-2050» Стратегиясы әр қазақстандықтың болашағына арналған болғандықтан ондағы тапсырмалардың орындалуына әркім лайықты үлесін қосуға ұмтылуы керек», - деді депутат Жанат Жарасов.