Мәжіліс депутаттары Шығыс Қазақстан облысында Елбасы Жолдауын түсіндіруде

ӨСКЕМЕН. Наурыздың 31-і. ҚазАқпарат /Вита Викторова/ - «Нұр Отан» ХДП орталық аппаратының тапсырмасымен Мәжіліске Шығыс Қазақстан облысынан сайланған депутаттар Светлана Ферхо, Александр Милютин, Валерий Доскалов және Ерболат Әпсаламов Өскеменге келді.

Олар жергілікті жерлердегі жағдайды көздерімен көріп, Елбасы Жолдауындағы басымдықтарды халыққа түсіндірмек, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.Депутаттар Өскеменде төрт күн болып, бұдан кейін Семей, Курчатов қалалары активімен, Ядролық орталық ұжымымен, Шығыс Қазақстан әскери округінің қолбасшылығымен, семейлік университеттердің оқытушыларымен және студенттерімен кездеседі. Мәжіліс депутаттары алдымен Өскеменде «Қазмырыш» АҚ металлургиялық кешенінде болды. «Бұқаралық ақпарат құралдарында кен өндіру өнеркәсібінде жағдай күрделі деп жазып жатыр. Біз жергілікті орында жағдаймен танысып, адамдармен сөйлесіп, тиісті талдау жасамақпыз. Бүгінде «Қазмырышта» проблемалар бар, сонымен қатар жағдайды түсіну де бар, оларды шешуге деген ынта да жоқ емес. Менің пікірімше, әсіресе өз өнімдерін өткізу нарығын жоғалтқан шағын кәсіпорындарда кадрлардың босатылуы мәселесі өткір тұр», - деп өз пайымдауларымен бөлісті В.Доскалов.Оның айтуынша, кен өндіру саласына мемлекеттік қолдау көрсетудің оңтайлы нұсқасы табылды. Салық кодексіне әлеуметтік, корпоративтік салықтар бойынша белгілі бір жеңілдіктер жасалды. Сонымен қатар В.Доскаловтың айтуынша, кеше өзі мүше болып отырған бюджет жөніндегі жұмыс тобының отырысында қазба байлықтарды өндіруге салықты төмендету жобасы әзірленіп, Үкіметке тапсырылды. Бүгін Мәжіліс депутаттары Шульба кентінің активімен кездесіп, жылу-электр стансысында және балалар үйінде болады.