«Шындығында Қазақстан Тәуелсіздік алған күннен бастап, сол тәуелсіздікке дәл біздей қуанған ешкім болған емес. Біздің халық өз алдымызға егемен ел болдық деп қуанып жатсақ, сырттағы жұрт «бұлар ел бола ма, болмай ма» деп бақылай қарап, неше түрлі қақ-соқ әңгімелерді араға таратты. Сүйтіп, егемендіктің әуел басынан айтылған әңгімелер әлі де жалғасып келеді», - деді Қуаныш Сұлтанов.
Сонымен қатар, депутат Қазақстанның мемлекеттілігіне қатысты айтылып жүрген пікірлерге өз көзқарасын білдіре келе, ондай арандатқыш сөздерге мықты мемлекеттігімізді дәлелдеп қана тосқауыл қоюға болатынын атап өтті.
«Сырттағы түрлі сандырақ әңгіменің артына ілесіп кетпеуміз үшін өзіміздің ішкі ұлттық тұтастығымыз мығым болуы керек. Ал біздің ішімізде ондай әңгіме жоқ, оған жол берілмейді де. Жалпы, «қазақтарда мемлекет болмаған, оларда шекара болмаған» деген әңгіме бекер. Керек десеңіз арғы ғұндардан, бергі Қазақ хандығынан бастап, бізде шекара шартты түрде қашанда болып келді. Алайда, ондай шекараның күші қай уақытта болады? Оның күші шектесетін көрші мемлекетпен келісімге келгенде және ол келісімдер БҰҰ-да бекітілгенде, шекара шартты емес заңды болады. Яғни, Қазақстанда бұған дейін шекара болды, бірақ келісім болған жоқ. Мәселен, 1884 жылы Ресей мен Қытай арасында шекара сызығы өзара жүргізілді, оған Қазақстан қатыспады. Неге? Өйткені, біздің мемлекеттігіміз болмады, Ресейдің құрамында болдық. Сондықтан да, мемлекет болу біз үшін бәрінен қымбат, мемлекеттілікті көздің қарашығындай сақтауымыз керек», - деді Қуаныш Сұлтанов.
«Қазақ мемлекеті алып керуен болып өз жолымен жүріп келеді, өз даңғылын салып келеді. Мәңгілік ел деген мақсат жолына түскен керуенбіз», - деп түйіндеді депутат өз сөзін.