- Өстемір Райымбекұлы, ауылдың жағдайын жақсарту үшін шаруашылықтарды дамыту қажет екені айдан анық. Қазір, әрине, 1990 жылдардағыдай қиындықтар жоқ, шаруа қожалықтарының арқасында төрт түліктің саны өсіп келеді. Дәнді-дақылдар мен егіннен де жақсы өнім алынып жүр. Дегенмен ауыл шаруашылығын дамытудың кемшін жатқан тұстары қайсы?
- Азық-түлік қауіпсіздігі елімізде ең басты мәселе екенін Елбасымыздан бастап кешегі "Нұр Отан" партиясының ХІІ съезінде де баса айтылды. Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығына мол қаржы бөлінуде. Ауыл шаруашылығына 2003 жылдан бері 500 миллиард теңге бөлінгенін Елбасының өзі де айтты. Әр жылы Ауыл шаруашылығы министрлігіне 165 миллиард теңге, "ҚазАгро" холдингіне 1 миллиард АҚШ доллары көлемінде бюджеттен қаржы бөлініп келеді. Осының арқасында бұл салада көптеген жұмыстар атқарылғаны белгілі. Ал атқарылатын жұмыстар одан да көп. Бұл өте ауқымды әрі күрделі шаруа.
Дүниежүзі бойынша және біздің еліміз бойынша азық-түлікпен қамтамасыз ету - кезек күттірмейтін басты мәселенің бірі. Біздің елімізде ауыл шаруашылығының мүмкіндіктері зор екендігі басы ашық мәселе. Ал халқымызды азық-түлікпен толық қамтамасыз ете алмай отырғанымыз, барды ұқсата алмай жүргеніміз, біздің дәрменсіздігіміз деп ойлаймын. Әйтпесе, майлы дақылдардың 75 пайызы, жеміс-жидектердің 30, ерте пісетін жеміс-жидектердің 4 пайызы, қант қызылшасының 6 пайызы, тауық етінің 33 пайызын өндіреміз. Еттің, сүттің 70-80 пайызын импорттан алады екенбіз. Осыны қалай түсінуге болады?!
Ауыл шаруашылығына қаржы жұмсалып жатыр, бұрын да жұмсалатын. Еш уақытта ауыл шаруашылығы "тойдым", "білдім" дегенді мен естіген де емеспін, көрген де емеспін. Себебі су жерге қалай сіңсе, солай кете береді. Бірақ қаржыны тиімді пайдалану мен керекті жеріне пайдалану деген мәселе ауыл шаруашылығында бірінші болып тұру керек.
Еліміз бойынша ауыл шаруашылығымен шұғылданатын 160 аудан бар. Оған, тағы да айтамын, 2003 жылдан бері 500 миллиард доллар бөлінді, жуырда Сенатта өткен басқосуда 2000 жылдан бері осы салаға 787 миллиард теңге бөлініп жатыр деген хабарды естідік. Осы қаржыны 160 ауданға бөлсек, жылына әрбіріне 4-5 миллиард теңгеден келеді екен. Осындай қаржы әр ауданға ауыл шаруашылық өнімдерін ұқсату үшін барып жатыр ма?
- Қандай мысал келтірер едіңіз?
- Айталық, Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтаарал ауданы - республикамыз бойынша ең ірі аудандардың бірі. 300 мың тұрғыны бар осы ауданда ет, шұжық, сүт, жеміс-жидек, бау-бақша өнімдерін өңдейтін шағын цехтар салуға бір тиын да қаржы бөлінбеген. Егер ондай шағын өндіріс орындарын салсақ, біріншіден, жаңа жұмыс орындары ашылады. Екіншіден, аудан өзін-өзі азық-түлікпен қамтамасыз етеді. Үшіншіден, артық өнімдерін үлкен қалаларға сатуға мүмкіндіктері туар еді. Ең бастысы, халыққа еңбек ет те, күніңді көр деп айтуымызға болар еді. Оның астында үлкен саяси мәселе жатыр. Ол халықтың бәрі қай жаққа көшеді? Басқа ауданға, басқа қалаға көшу мүмкін емес. Сол себептен біз халыққа осындай уәж айтқан болар едік. Жоғарыда айтылған цехтардың ол аудандарда біреуі де жоқ. Өндірілген өнім уақытында пайдаланылады, қалғаны іріп-шіріп жатады. Мұндай жағдай өз ерекшеліктеріне байланысты басқа аудандарда да бар екені анық. Келешекте осындай істерді іске асырмасақ, ауыл шаруашылығы өркендемейтіні белгілі.
- Ауыл шаруашылығы министрлігінің тағы да қандай мәселелерге мән бергені жөн?
- Мен осы министрлік басшыларына өте қымбат кешендер салатынын, шетелден қымбат мал алуға құмар екендерін айттым. Біріншіден, қаржының көп мөлшері осыған жұмсалып, көптеген ауылдарға инвестиция салынбай жатыр. Екіншіден, әлгіндей қымбат кешеннен, қымбат малдан алынған өнімнің бағасы өте жоғары болатыны айдан анық. Осы жерде бірнеше сұрақ туындайды. Келешекте қымбат өнімді тұтынуға халықтың қалтасы көтере ме? Салынған қаржы өзін-өзі қашан ақтайды? Өзіміздің жерімізде, табиғатымызға икемді әулиеата, ақбас сиырларымыз, еділбай қойларымыз бар, асыл тұқымды жылқыларымыз бен түйелеріміз қай елдің малынан кем? Министрліктің немесе холдинг басшыларының бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбаттарына қарасақ, біздің малдардың эпизоотиялық жағдайы нашар, ет комбинатына өткізуге, экспорттауға болмайды екен. Малдың 90 пайызы халық қолында, оны халықтан жинау қиын, себебі халық ақша керек кезінде ғана малын сатады дейді. Бұл не деген сұмдық? О заман да, бұ заман, қазақтың етін жеп кесел болдық, ауырдық дегенді мен естіген емеспін.
Және бір мәселе, халықтан мал алу үшін ет комбинатының жанынан бордақылау алаңдарын ашу керек. Ол жерлерде малды екі-үш ай ұстап, тексеріп, ет комбинатына өткізу керек. Оған көп қаржы кетпейді. Лайықты салынған ауласы, мал су ішетін және жем-шөп жейтін науасы болса, болды. Сабанды сулап, концентрат қосып берсе, бордақылауға қойылған ірі қара күніне бір килограмм қосымша салмақ қосатыны даусыз. Бұл мал өсірушіге де, уақытша бордақылаушыға да, сойып, сатушыға да өте тиімді болмақ.
- Осындай тәжірибені іске асырып отырған кәсіпорындар бар ма?
- Оған дәлел, Оңтүстік Қазақстан облысының Сайрам, Мақтаарал аудандарында, Шымкент қаласының, сондай-ақ көрші Өзбекстан елінің астанасы Тәшкент қаласының маңында халық малын базардан сабан сатып алып бордақылайды. Ал бізде бидай сабаны жеткілікті емес пе? Осы жайтты да бір ойластырғанымыз жөн.
Ауыл шаруашылығы министрлігі атына заты сай ауыл шаруашылық өнімдерінің стратегиясымен шұғылдануы тиіс. Менің байқауымша, министрлікте отырған азаматтар отандық ғалымдардың, ауыл шаруашылығындағы тәжірибелі мамандардың кеңестеріне онша мән бермейтін сияқты. Олай дейтінім, кезінде Алматы, Жамбыл облыстарында халықты қантпен қамтамасыз етіп отырған жүйені жойып алдық. Қазір гектарына 50 мың теңге субсидия беріп қалпына келтіре алмай отырмыз. 19 мың гектарды өткен жылы еккен еді, биыл да 19 мың гектар, бір гектар қосылған жоқ, қайта кеміді. Мен министрлік басшылығына қант құрағын мұхиттың ар жағынан тасып, басқа елдердің азаматтарын жұмыспен қамтамасыз етіп отырғандарын айттым. Кезінде талай қызылша өсірген диқан, одаққа белгілі азаматтар болғанын білеміз.
- Үкімет сағатында мақта шаруашылығына қатысты әріптесіңіз де айтып өтті. Сіз қандай пікір қосасыз?
- Ашығын айтуымыз керек, мақта шаруашылығы да тоқыраудың алдында тұр. Мақтаның жырын айтсам, екі-үш күн уақыт керек. Мақта алқаптарының әр гектарын игеруге кеткен қаржы мен адамдардың еңбегі, маңдай тері қаншама?! Оны тілмен жеткізу мүмкін емес. Дүниежүзі бойынша 66 мемлекет мақта шаруашылығымен шұғылданады. Соның жиырма шақтысы 10 центнерден төмен өнім береді. Кения 3 центнерден өнім алады, бірақ мақта егеді, себебі табиғи киім-кешек, төсек, май, жем керек. Импорттауға келгенде «кісінікінің кілті аспанда». Біз мақта шаруашылығын осылай өз бетімен жіберсек, келешекте кешірілмес үлкен қателікке ұшырайтынымызды ескерткім келеді. Мен біреуді сынау үшін, немесе кінәлау үшін айтып отырғаным жоқ. Бұл мақта шаруашылығы саласымен айналысатын ауыл тұрғындарының жанайқайы!
Үкімет сағатында астық жөнінде де жеткілікті айтылды. Биыл 23 миллион тонна өндірілсе, соның 10 миллион тоннасы өзімізге керек екен. Және 13 миллион тонна астықты экспорттау үлкен күш деп есептеймін. Келешекте диқандардың жағдайы не болмақ? Осы астықты өсіруге біз инвестиция саламыз, әрі экспортқа шығару үшін инвестиция береміз. Енді келешекте сатып ал деп инвестиция береміз бе? Бұл қалай? Сол себептен, менің әріптестерім айтқандай, келешекте жоспарлау жұмыстарын, басқа да жұмыстарды қолға алу керек деп ойлаймын. Осындай кемшіліктерді көріп отырып министрлік пен агрохолдинг мамандары сараптама, болжам жасау мәселесіне жіті көңіл бөлуі керек деп есептеймін.
- Мәжіліс депутаттары атынан Үкіметке және аталған министрлікке нақты ұсыныстар жолданатын болды. Сіз қандай ұсыныстар қостыңыз?
- Ұсынымның жобасына жергілікті жерлерде ауыл шаруашылық өнімдерін өңдейтін шағын цехтарды салу қолға алынсын деген тармақ қосылса деймін. Сол секілді "Агроөнеркәсіпбанкі" туралы көптен бері айтылып жүр. Сол себептен ауыл шаруашылық саласының ерекшелігін ескере отырып, "Агроөнеркәсіпбанкті" құру қажеттігін айттым. Осындай ұсыныстарымды бердім.
- Рақмет әңгімеңізге.