Аталған заң жобасы Мемлекет басшысының Парламенттің сессиясын ашу барысында жүктеген тапсырмасын, сондай-ақ 2009 жылғы қыркүйекте ғылым жөніндегі кеңесте алған қойған міндеттерді шешу мақсатында әзірленген болатын. Жобаны әзірлеушілердің айтуынша, құжат қоғам талабына жауап беретін, еліміздің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған жаңа ұлттық ғылым жүйесін құрудың құқықтық негізін айқындайды.
«Заң жобасы Елбасы жүктеген саяси бағдарды іске асыруға бағытталып, халықаралық тәжірибелерге сүйене отырып, ғылыми қоғамдастықтың өтініші мен тілектерін ескере отырып әзірленді. Құжат негізінде ғылымды басқарудың мүлдем жаңа моделі ұсынылады. Бұл басты екі құрамдас бөліктен тұрады. Біріншіден, шешім қабылдаудың барлық кезеңіндегі ғалымдар рөлі айрықша көтеріледі. Елбасы отандық ғылымды басқарудың жаңа жүйесін құру қажеттігін айтқан болатын. Жаңа жүйе ғылым жүйесінің барлық қатысушыларының функцияларын оңтайландырады және артық бюрократиялық басқаруға жол бермейді», - деді заң жобасы бойынша баяндаған Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов.
Оның айтуынша, заң жобасы ғылымды басқару жүйесіндегі стратегиялық, әкімшілік және сараптамалық функцияларды нақтылауды қарастырады. Бұл үшін жоғары ғылыми техникалық комиссияның функциялары кеңейтіліп, Ұлттық ғылыми кеңестерге жіті назар аударылады. Бұлар жетекші қазақстандық және шетелдік ғалымдардан құрылып, жобалар мен бағдарламалардың орындалуы туралы түпкілікті шешім қабылдайтын болады.
«Осылайша, ғылыми қауымдастықтың шешім қабылдаудағы рөлі артып отыр. Бұдан бөлек, мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптаманың ұлттық орталығы құрылады. Орталық жобалар мен бағдарламаларды тәуелсіз, кәсіби бағалауды қамтамасыз етеді», - деді министр.
Бірінші оқылымда мақұлданған заң жобасы екінші оқылымға әзірлеу үшін бас комитетке тапсырылды.