«Заң шығару бастамашылығы аясында Мемлекет басшысы енгізген Конституциялық толықтыруларды бұған дейін Парламент қабылдаған болатын. Ол заң кезектен тыс Президенттік сайлауды өткізуді жүзеге асыруға Конституциялық негіз қалайды. Осыған байланысты бүгін қаралып отырған жаңа заң жобасы еліміздің Конституциясындағы жаңа толықтыруларды «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» және «ҚР Президенті туралы» Конституциялық заңдар шеңберінде іске асыруға бағытталған», - деді заң жобасы бойынша баяндаған ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары Талғат Донақов.
«ҚР-дағы сайлау туралы» Конституциялық заңында кезектен тыс Президенттік сайлау ҚР Президентінің шешімімен тағайындалатыны және ол тағайындалғаннан кейін 2 ай мерзімде өткізілетініне көзделіп отыр.
ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауы да кезекті сайлаудың тәртібімен өткізіледі деген нормамен толықтырылған. Бұл ретте сайлау іс-шараларын өткізу мерзімін Орталық сайлау комиссиясы айқындайды деп белгіленеді. Кезектен тыс сайлаудан кейінгі Президенттің кезекті сайлауы 5 жыл өткен соң «ҚР-дағы сайлау туралы» заңда белгіленеді деп қарастырылған. «ҚР Президенті туралы» заңға енгізілетін өзгерістерге сәйкес, кезектен тыс сайланған Президенттің ант беруі сайлау қорытындысы жарияланғаннан кейін 1 ай ішінде өтетін болады. Ант беру күнін ОСК айқындайды.
Конституциялық заңда кезектен тыс сайлауда ҚР Президенті болып сайланған адам Президенттік өкілеттік мерзімі аяқталғанша сақтайтын кезеңі айқындалған.
Мәжіліс мақұлдаған заң жобасы Парламент Сенатына жіберіледі.
Айта кетейік, 31 қаңтар күні Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2011 жылғы 14 қаңтарда Парламент қабылдаған, ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасының Президенттік өкілеттігін референдум арқылы ұзарту мүмкіндігін қарастырған Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерту мен толықтыру енгізу туралы Заңды Конституцияға сәйкес емес деп таныған қаулысына байланысты Қазақстан халқына Үндеу арнады. Президент Үндеуінде Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттігін 2020 жылдың 6 желтоқсанына дейін ұзарту жөніндегі референдумды өткізбеу туралы шешім қабылдағанын, Қазақстанда мерзімінен бұрын Президент сайлауын өткізу туралы Парламентке ұсыныс енгізетінін айтты.
"Бір жағынан, мен сайлаушылардың басым көпшілігін құрайтын бүкілхалықтық бастаманы кері қайтара алмаймын. Мәселенің екінші қыры, мен Елбасы және Конституцияның кепілі ретінде болашақ саясаткерлерге жаңылыс бағыт сілтейтін іске жол бере алмаймын. Сондықтан, мені халық дұрыс түсінеді деп сенемін. Біз бұл жайтты жай «қабылдау немесе бас тарту» ретінде емес, өмірдің өзі ұсынған демократияның тарихи сабағы деп қабылдағанымыз жөн. Бұл - Елбасы мен халықтың Ата заңға адалдығын бағамдайтын тағылымды дәріс. Демократиялық жолмен сайланған тұңғыш Президент ретінде еліміздің биік мүдделерін басшылыққа ала отырып, мен референдум өткізбеу туралы шешім қабылдадым. Жұртшылықты бөлетін «референдум әлде сайлау» деген таңдаудың орнына мен халқымыздың еркі мен демократиялық қағидаттарға адалдығын ескеретін және бізді біріктіретін жолды ұсынамын. Мен өкілеттігімнің екі жылға қысқаратынына қарамастан, мерзімінен бұрын Президент сайлауын өткізу туралы ұсыныс енгіземін. Тиісті Заң Парламентке ұсынылады", - деді Мемлекет басшысы.
"Қадірлі қазақстандықтар! Сіздердің қолдауларыңыз мен үшін мемлекет пен халық мүддесі жолында қашанда сенім мен шындықтан айнымай қызмет етуге күш беретін бастау болады. Алдымызда әлі атқарылатын қыруар істер бар. Біз индустриялық-инновациялық және әлеуметтік жаңғырту бағдарламаларын батыл іске асырудамыз. Бірге кеңесе отырып ойға алған жоспарларымызды іске асырамыз және Отанымызды гүлдендіре түсеміз деп кәміл сенемін. Біз кемел келешегіміздің берік іргесін бірге қалаймыз!", - деді Елбасы.