Мәжіліс микроқаржы ұйымдары туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады

АСТАНА. 27 маусым. ҚазАқпарат -ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Микроқаржы ұйымдары туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Аталған заң жобасының мақсаты микроқаржы қызметтер саласын дамыту, осындай ұйымдардың қаржылық қызметін нығайту және ашықтығын арттыру болып табылады.

Сондай-ақ, құжат  халықтың кең топтарының микрокредиттерге қол жеткізуін қамтамасыз етуді, микроқаржы ұйымдары қызметтерін тұтынушылардың мүдделерін қорғауды қамтамасыз етеді. Осыған орай микроқаржы ұйымдарының қызметін реттеу, бақылау және қадағалау енгізіледі.

«Заң жобасы бойынша микроқаржы ұйымдарының қызметін реттеу, қадағалау және бақылау институттары енгізіледі. Атап айтқанда, міндетті есептік тіркеу жүзеге асырылады. Жарғылық және меншіктік капиталдың ең аз мөлшері белгіленеді. Ал, қадағалау үдерісі шеңберіндегі шараларға сәйкес микроқаржы ұйымдарының кәсіпкерлік қызметін жүзеге асыруға тиым салу қарастырылған. Бұдан бөлек микрокредит беру бойынша талаптар күшейтіліп, несие алушының мүдделері қорғалады. Мәселен, кредиттік тарифтер мен комиссияның мөлшерін біржақты тәртіппен өзгертуге тиым салынады. Сондай-ақ, қарыз сомасын мерзімінен бұрын немесе біртіндеп қайтару құқығы беріледі»,-деді заң жобасы бойынша баяндаған Ұлттық банк төрағасының орынбасары Данияр Ақышев.

Бірінші оқылымда мақұлданған заң жобасы, екінші оқылымға әзірлеу үшін бас комитетке тапсырылады.