Мәжіліс Төрағасы Аққайың ауданындағы Аралағаш орта мектебінде болып, ұстаздармен жүздесті

АСТАНА. Тамыздың 24-і. ҚазАқпарат - Кеше ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы, «Нұр Отан» ХДП Фракциясының жетекшісі Орал Мұхамеджанов Солтүстік Қазақстан облысында жұмыс сапарымен болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Палата жетекшісі алдымен Абылай хан кешенді мұражайында болды. Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысты. Бұдан соң Төраға Мәжіліс «Нұр Отан» ХДП Солтүстік Қазақстан облыстық филиалында болып, азаматтарды қабылдады, облыстың жетекшілерімен кездесу өткізді. Бұл шараларға Мәжіліс депутаттары Иван Чиркалин, Раиса Полищук, Петр Дмитриенко, Ромин Мәдинов және Жарасбай Сүлейменовтер де қатысты. Сонымен қатар қалалық және облыстық мәслихаттардағы «Нұр Отан» ХДП фракцияларының мүшелерімен кездесу өтті.

Іссапар бағдарламасы аясында Мәжіліс Төрағасы Аққайың ауданындағы Қайырбек Оразов атындағы Аралағаш орта мектебінде болып, ұстаздармен жүздесті. Бұл жерде білім беру саласының мәселелері жөнінде ой қозғалды. Кездесу соңында Мәжіліс Төрағасы мектап ұжымына компьютерді сыйға тартты.