Мәжіліс төрағасы Орал Мұхамеджановтың Маңғыстау облысына сапары барысында Елбасы Жолдауы жан-жақты талқыланады

АҚТАУ. Сәуірдің 15-і. ҚазАқпарат /Жетібай Шаханұлы/ - Бүгін Парламент Мәжілісінің төрағасы Орал Мұхамеджановтың Маңғыстау облысына жұмыс сапары басталды. Мәжіліс спикері бастаған депутаттар тобы Ақтау теңіз портында, Каспий машина жасау кешенінде, тарихи өлкетану мұражайында болмақ,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Мұнан соң Мәжіліс өкілдері өңірде іске асырылып жатқан инвестициялық және әлеуметтік жобалармен танысып, облыс әкімдігінде жиналған өңірдегі ірі кәсіпорын басшылары, қоғамдық ұйымдардың және зиялы қауым өкілдерімен жүздеспек. Кездесу аясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айтылған негізгі мәселелер жан-жақты талқыланады. Сапары аясында Парламент Мәжілісінің төрағасы Маңғыстауда тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған Республикалық мектеп оқушылары арасындағы олимпиаданың ашылу салтанатына қатысады.