Аталған заң жобасы «Нұр Отан» ХДП жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің шешімдерін және партияның Мәжілістегі фракциясының тапсырмаларын орындау мақсатында әзірленіп, депутаттар тарапынан бастамашылық жасалған болатын. Сондай-ақ, құжатты әзірлеу негізінен жер ресурстарын бөлу және пайдалану мәселелерін зерделеу мақсатынан туындаған болып табылады. Заң жобасында азаматтар мен тұлғалардың жер учаскелерін беру туралы өтініштерін қарау мерзімдері мен тәртібін сақтамау, кезектілікті бұзу және құқыққа қайшы бұрмалау, елді мекендердің Бас жоспарларын сақтамау арқылы заңды бұзудың алдын алуға бағытталады. Бұндай анықталған заң бұзушылықтарды бастамашы депутаттар сыбайлас жемқорлық көріністерімен байланыстырады. Осы мақсатта бірқатар нормалар қамтылып отыр.
Екінші оқылымға әзірлеу барысында депутаттар тарапынан 52 ескерту мен ұсыныстар түскен. Атап айтар болсақ, жерді резервте қалдыруға байланысты қатынастарды құқықтық реттеудегі олқылықтарды жою мақсатында Жер кодексі жаңа баппен толығып отыр. Онда жерді резервте қалдырудың негіздері, тәртібі мен мерзімдері айқылдалып, жергілікті атқарушы органның құзыреті нақтыланады. Бұдан бөлек, нарықтық тетіктер ескеріліп, елді мекендердің аумақтарын бағалай отырып, аймақтарға бөлу мәселелері ретке келтірілген. Бұл ретте жер учаскелерін жеке меншікке беру кезінде олар үшін төлемақының базалық ставкаларын белгілеу мәселелері жергілікті өкілді және атқарушы органдардың құзыретіне жатқызылады.
Сонымен қатар, депутаттар автомобильдердің, жан басына шаққанда жеңіл автомобильдер санының күннен күнге артып келе жатқандығын, жалпы автокөлік құралдарының трафигін, әсіресе Алматы қаласының орталық, іскер және коммерциялық бөліктеріне автокөліктерді уақытша орналастыру проблемаларының шиеленісіп отырғанын ескере келе, белгіленген ортақ пайдалануға жерлерден автотұраққа арнап жер учаскелерін беру мәселелерін реттейтін нормаларды енгізді.
Мәжіліс мақұлдаған заң жобасы Парламент Сенатына жіберіледі.