Шараға Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитеті мұрындық болды.
Еске сала кетсек, биыл 1932 жылғы аштыққа 80 жыл және 1937 жылдардағы жаппай қуғын-сүргінге 75 жыл толып отыр. Осыған орай Елбасы Н. Назарбаевтың тапсырмасымен ашаршылық құрбандарын еске алу шаралары бүкіл ел аумағында кеңінен аталып өтуде.
Ал Мәжілістегі шараның мақсаты - аштық салдарынан қырылған сансыз жазықсыз боздақтардың рухына тағзым ету, тарихты түгендеу.
«Қазақ халқын тарихи даму жолынан жаңылдырып, орасан зор демографиялық апатқа ұшыратқан аштықтан бері 80 жыл өтті. Еліміз болып осы нәубет құрбандарын еске алып, миллиондар рухына тағзым етудеміз. Мәселен, Керекуде аштық құрбандарына арналған ескерткіш соғылды. Осындай тағы бір қадам Оңтүстік Қазақстанда да жүзеге асты, күні ертең елордада ескерткіш ашылатын болады. БАҚ-та аштық шындығы мен сұмдығы толассыз жариялануда», - деді жиынды ашып сөйлеген депутат Алдан Смайыл.
Шара барысында тарихшы ғалымдар, ақын-жазушылар, қолдан жасалған аштыққа қатысты фактілерге көз жүгіртіп, оcы нәубет қасіретінің тарихта алар орны, зұлматтың себеп-салдары туралы баяндамалар жасалды.
Еске сала кетсек, 1927-30 жылдардағы «Ұлы аштық» қазақтың Алтайдан Атырауға дейінгі аралықтың бәрін қамтыды. 40,5 млн. бас малдан 4,5 мил. мал ғана қалды. Халық түгел қырылуға шақ қалды.