«Әскери білім - қазақстандық білім беру жүйесінің ажырамас, құрамдас бөлігі деп қарауымыз керек. Осыған байланысты, әскери және азаматтық жоғары оқу орындары өзара тығыз қарым-қатынаста болып, үздік педагогикалық тәжірибелерімен алмасуы тиіс. Сонда ғана әскери білім берудің берік негізін қалап, жоғары деңгейін қамтамасыз етуге болады. Сонымен қатар, қорғаныс-өнеркәсіп кешеніне жоғары білікті инженер-техник мамандар даярлау әлі шешімін таппай келе жатқанын айта кету керек. Қорғаныс-өнеркәсіп кешені саласына мамандарды қажет болса шетелдің алдыңғы қатарлы оқу орындарында оқытып, тиісті қорғаныс кәсіпорындарында тәжірибеден өткізу қажет», - деп тоқталды депутат.
Оның пайымынша, ғылымды дамытпайынша, қазіргі заманға сай кәсіби армия құру мүмкін емес. Талдау нәтижелері көрсетіп отырғандай, қолдағы бар ғылыми әлеует толық пайдаланылмай келеді.
«Инновацияларға қатысты бір мәселеге тоқталып өтейін. Ресми деректерге қарағанда, 2009 жылдан бастап күні бүгінге дейін әскери тақырып бойынша 38 авторлық куәлік пен патенттер тіркелді. Олардың негізгі тақырыптары: қазіргі заманғы әскери білім беру жүйесі, басқару жүйесі, ағылшын тілін үйрену үшін мобильді жүйе, жаңа инженерлік-техникалық шешімдер. Дегенмен, әскери ғылыми зерттеу нәтижелерін әзірлеу және енгізу жұмысын күшейту керек. Осыған байланысты Қорғаныс министрлігі болашаққа арналған ғылыми бағыттарды айқындап, оларды тиісінше қаржыландыруды Қазақстан Республикасында ғылымды дамытудың басым бағыттары тізбесіне енгізуі тиіс. Ұлттық және Инженерлік академияларының әлеуетін қолдану қажет. Қорғаныс қабілетін дамыту үшін озық идеялар мен тәсілдерді, жаңа технологияларды іздестіру, дамыту және енгізу мақсатында әскери инновациялық технополис құру туралы шешім қабылдаған РФ тәжірибесімен танысу артық болмас деп есептейміз», - деді Мұхтар Ерман.