Дамыған елдерде тауарларға, көрсетілген қызметтерге қатысты қолма-қол ақшасыз, оның ішінде банктік карточкалармен есеп айырысу барлық қаржы операциялары құрылымының 90 пайызына дейін жетеді. Банктік карточка оның иесіне кез келген уақытта, атап айтқанда аяқ астынан болатын сатып алуларға өзінің қаражатын жұмсауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар елімізде тұрғындардың күнделікті қажеттілігі үшін төлем карточкаларын пайдалану аясын кеңейту туралы мәселе бірнеше мәрте көтерілген болатын. Бұдан бөлек, электрондық төлем түрлерінің арта түсуі және бухгалтерлік, қаржылық есептілікті электрондық түрде жолдау мүмкіндіктері кеңейген сайын аталған мәселенің өзектілігі де арта түседі. Сондықтан да, Мәжілісте ұйымдастырылған дөңгелек үстелдің негізгі мақсаты да саладағы проблемаларды талқылап, тиісті органдарға ұсынымдар әзірлеу, мәселенің заңнамалық тетігін жетілдіруді қарастыру болып табылады.
Жиын барысында ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Бейсенғали Тәжіяқов қолма-қол ақшасыз есеп айырысудың қазіргі жағдайы мен даму болашағына қатысты баяндама жасады. «Ұлттық экономикада қолма-қол ақшасыз төлемдердің жоғары үлесі қаржылық операциялардың тазалығын қалыптастырады. Төлем жүйесінің үздіксіз, тиімді жүзеге асуы экономикадағы операциялық кедергілерді төмендетіп, қаржы жүйесінің тұрақтылығын арттырады», - деді ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары.
Оның айтуынша, төлем жүйесін дамыту экономикалық өсім үдерісіне ие болып табылады. Мәселен, соңғы бес жылда төлем жүйелері арқылы жасалған операциялар 22 есеге артқан. 2010 жылдың өзінде төлем жүйелері арқылы 30 млн. трансакциялар жасалған.
Жиын барысында қатысушылар мемлекеттік органдарға бағытталған бірқатар ұсынымдар қабылдады.