Мәжілісте Парламент пен мәслихат депутаттарының өзара іс-қимылының негізгі бағыттары талқыланды

АСТАНА. 5 маусым. ҚазАқпарат - Бүгін Мәжілістегі «Нұр Отан» ХДП фракциясы жанындағы Өңірлік саясат және мәслихаттармен жұмыс жөніндегі кеңесінің отырысы болып өтті.

Басқосу «Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіндегі  «Нұр Отан» ХДП фракциясы депутаттарының барлық деңгейлердегі мәслихаттар депутаттарымен өзара іс-қимылының негізгі бағыттары» тақырыбына арналды.

Жиынның ашылуы барысында депутаттар Алматы облысының  «Арқанкерген» бекетінде қаза тапқан шекарашыларды үнсіздікпен еске алды.

«Елбасы ағымдағы жылғы Жолдауында өңірлерді дамытудың ел дамуындағы маңызына айрықша назар аударған болатын. Бүгінгі таңда жүзеге асырылып жатқан бағдарламаның барлығы дерлік өңірдің дамуына тікелей қатысы бар. Парламент қабырғаларында қаралып жатқан, қабылданған заңнамалар да еліміздің дамуына өз ықпалын тигізері сөзсіз. Осыған орай, өңірлік саясатты жүргізу, дамыту және оны  заңнамалық қамтамасыз етудің маңызы зор болмақшы», - дейді жиынды ашып сөз сөйлеген депутат Гүлнар Сейтмағанбетова. Оның айтуынша, қай өңірде қандайлық проблемалар бар екендігі мәслихат депутаттарына барынша айқын. Сондықтан да, осы деңгейдегі депутаттардың жұмыс тәжірибесі, проблемаларды шешу жолдары Парламент депутаттары үшін де маңызды.

Сондықтан, бүгінгі жиынның мақсаты - өңірлік саясатты, оның заңнамалық жолдарын әрі қарай жетілдіруді айқындау үшін әртүрлі деңгейдегі депутаттар арасында тиімді, өзара іс-қимыл тетіктерін қалыптастыру.