Мәжілісте рұқсат беру құжаттарын қысқартуға бағытталған заң жобасы қаралатын болады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Мәжіліс Спикері Қабиболла Жақыповтың төрағалығымен Мәжіліс Бюросы өтті. Онда алдағы жалпы отырыстың күн тәртібі нақтыланды. Бұл туралы төменгі палатаның баспасөз қызметінен хабарланды.

Бюро ұсынысына сәйкес, халық қалаулылары рұқсат беру құжаттарын қысқарту және рұқсат беру рәсімдерін оңайлату мәселелері бойынша түзетулерге қатысты заң жобасын бірінші оқылымда қарайтын болады. Сонымен қатар, осы күні Мәжілісте 2003 жылғы 25 желтоқсанда Астана қаласында қол қойылған Қырғызстанмен мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттері туралы келісімге өзгерісті енгізу туралы үкіметаралық хаттаманы және білім беру саласындағы кемсітушілікке қарсы күрес туралы конвенцияны ратификациялауға қатысты заң жобалары талқыланбақ.

Жалпы отырыста депутаттар бірқатар ратификациялық құжаттар бойынша бейінді комитеттерге қорытынды әзірлеу мерзімін белгілейді. Атап айтқанда, Ресеймен 1996 жылғы 18 қазандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясы Үкіметінің арасындағы Сарышаған сынақ полигонын сондай-ақ, Қазақстан аумағына орналасқан Ресей Федерациясының 929 Мемлекеттік ұшу-сынақ орталығының объектілері мен жауынгерлік алаңдарын жалдау туралы шарттарға өзгерістер енгізу туралы үкіметаралық хаттамаларды, сонымен қатар, Қазақстан мен Ресей арасындағы 1995 жылғы 20 қаңтардағы Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің (объектілері мен ұрыс алаңдары Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан) 929 Мемлекеттік ұшу-сынақ орталығын пайдалану тәртібі туралы және Сарышаған сынақ полигонын пайдалану мен жалға беру шарттары және Приозерск қаласының тіршілік әрекетін қамтамасыз ету туралы келісімдерге түзетулерге қатысты хаттамаларға байланысты болып отыр.