Заң жобасы экология саласын цифрландыруға, қоршаған ортаның жай-күйі мен табиғи ресурстар туралы бірыңғай ақпараттық жүйені қалыптастыруға бағытталған. Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин баяндамасында ұсынылған түзетулерді жеті негізгі блок бойынша таныстырды.
Деректерді цифрландыру
Қолданыстағы Экологиялық кодексте қарастырылған ұлттық деректер банкін жетілдіру ұсынылады. Бұған дейін ақпараттың шашыраңқылығы мен қайталанатын процестер мәселесі болған.
Енді барлық деректер бірыңғай жүйеге шоғырландырылып, негізгі кадастрлар мен тізілімдер соның құрамына енгізіледі. Сондай-ақ эмиссияларды автоматты бақылау жүйелері мен өндірістік экологиялық есептілік міндетті түрде осы базаға түседі.
Бұл бюрократияны азайтып, мәліметтерді бұрмалаудың алдын алуға мүмкіндік береді.
Көміртектік офсеттер және климаттық тұрақтылық
Париж келісімі аясындағы міндеттемелерді орындау үшін көміртекті сіңіру көлемін арттыру көзделеді. Заң жобасы орман және жайылым көміртектік офсеттерін енгізеді.
Инвесторлар орман отырғызу жобаларына қатысып, алынған көміртек бірліктерін нарықта сата алады. Бұл тетік жеке инвестиция тартуға және елдегі орман алқабын ұлғайтуға бағытталған.
Қалдықтарды басқару
Заңсыз қоқыс орындарын жою жауапкершілігін жергілікті атқарушы органдарға беру ұсынылады.
Сонымен қатар қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған тарифтерді белгілеу құзыреті де өңірлерге беріледі. Бұл жергілікті ерекшеліктерді ескеруге және саланың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
«Қазгидромет» қызметін реформалау
Қазіргі кезде кәсіпорын қызметінің басым бөлігі мемлекеттік монополияға жатады. Жаңа түзетулерге сәйкес тек стратегиялық және қауіпсіздікке қатысты қызметтер ғана монополияда қалады.
Ал ғылыми зерттеулер мен арнайы ақпарат беру бәсекелі ортаға шығарылады. Бұл бюджетке түсетін жүктемені азайтып, қосымша табыс табуға жол ашады.
Артық шығарындылар үшін жауапкершілік
Айыппұл есептеу кезеңі нақты айқындалмағандықтан, кәсіпорындар оны сотта даулауға мүмкіндік алған.
Енді нормадан тыс шығарындылар кезеңі соңғы экологиялық бақылаудан бастап есептеледі. Бұл құқықтық олқылықтарды жояды.
Қайта өңдеушілерді қолдау
Егер өндірушілер өнімінде кемінде 30% қайта өңделген шикізат қолданса, олар кеңейтілген міндеттемелер талаптарынан босатылуы мүмкін.
Бұл отандық қайта өңдеу саласын дамытуға және айналым экономикасын қалыптастыруға ықпал етеді.
«Жасыл» қаржыландыру және сақтандыру
«Жасыл» жобаларға қатысты реттеу жеңілдетіліп, қайталанатын нормалар алынып тасталады.
Сондай-ақ экологиялық сақтандыру жүйесінде нақты міндеттер енгізіліп, залалды өтеу және тәуекелдердің алдын алу тетіктері күшейтіледі.
Бұған дейін Қазақстан қалдықтарды басқару бағытында 99-орында тұрғанын жазғанбыз.