Мәжіліс Францияда заңсыз жүрген азаматтарымызды санкциясыз қайтаруға мүмкіндік беретін құжатты қарайды
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында палатаның бейінді комитеттері бірқатар заң жобасын қорытынды әзірлеуге алады. Сондай-ақ депутаттар күн тәртібіне шығарылған заң жобаларын талқыға салады.
Палата алдымен Қазақстан мен Француз үкіметтері арасындағы адамдарды реадмиссиялау туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасын қарайды. Бұл келісім Францияда заңсыз жүрген, жеке басын куәландыратын құжаттары жоқ Қазақстан азаматтарын санкциясыз, яғни әкімшілік айыппұл төлетіп қана қайтаруға мүмкіндік береді. Екі елдің уәкілетті органдары азаматтардың елдеріне оралуы үшін құжаттарды ресімдеуге көмек көрсететін болады. Аталған келісім Мемлекет басшысының 2024 жылы Францияға сапары барысында қол қойылған. Келісімнің күшіне енуі көші-қон процесін бақылауды күшейтіп, екі елдің ынтымақтастығын нығайтуға ықпал етеді.
Сонымен қатар депутаттар Қазақстан Үкіметі мен Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі Біріккен Ұлттар Ұйымы (ЮНЕСКО) арасындағы Қазақстанда ЮНЕСКО аясындағы 2-санатты орталық ретінде Орталық Азия өңірлік гляциология орталығының мәртебесін қайта жалғастыру туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасын қарайды.
Келісім мұздықтарды, қар жамылғысын және мәңгі тоңды зерттеу, сондай-ақ климаттың өзгеруі жағдайында олардың аймақтағы су ресурстарына әсерін бағалау саласында халықаралық ғылыми ынтымақтастықты одан әрі дамытуға бағытталған.
Естеріңізге сала кетсек, биыл маусымда ЮНЕСКО қамқорлығындағы 2-санаттағы Орталық Азия өңірлік гляциология орталығының (ОАӨГО) директоры Такир Балықбаев Париждегі ЮНЕСКО штаб-пәтеріне жұмыс сапарымен барды. Сапардың басты нәтижесі ЮНЕСКО мен ОАӨГО арасында Орталықтың ЮНЕСКО қамқорлығындағы 2-санаттағы институт мәртебесін ұзарту туралы өзара түсіністік жөніндегі меморандумға қол қойылуы болды. Құжат тараптардың мұздықтарға кешенді зерттеулер мен су ресурстарын сапалы басқару саласындағы серіктестікті одан әрі нығайтуға дайындығын растайды.
Палата Қылмыстық кодекске және Қылмыстық-процестік кодекске толықтырулар енгізу туралы заң жобасын екінші оқылымда қарайды. Құжат медициналық қызметкерлер мен жедел жәрдем жүргізушілеріне оларға қызметтік міндетін атқару кезінде күш қолданғаны және қатыгездік көрсеткені үшін жауапкершілікті күшейтуге бағытталған. Осы жылдың қарашасында 1-оқылымда мақұлданған заң жобасына сәйкес, Қылмыстық кодекске жаңа 380-3-бабы енгізіледі. Ол «медицина қызметкері» және «жедел медициналық жәрдем жүргізушісі» деген арнайы субъектіні белгілейді.
Естеріңізге сала кетсек, өткен аптадағы жалпы отырыста депутаттар Салық кодексіне коммуналдық меншіктегі энергия өндіруші ұйымдарға салық салу мәселелері бойынша толықтырулар енгізу туралы, сондай-ақ күзет қызметі туралы заңдарды екінші оқылымда қабылдап, Моңғолиямен зейнетақы саласындағы ынтымақтастық туралы үкіметаралық келісімді ратификациялаған болатын. Мәжіліс қабылдаған бірінші Заң мемлекет көрсететін көмек аясында мемлекеттік субсидиялар мен гранттарды, басқа да өтеусіз көмекті алушы — коммуналдық меншіктегі және бір мезгілде электр энергиясын, суды (дистиллятты), жылу энергиясын өндіру жөніндегі қызметті жүзеге асыратын энергия өндіруші ұйымның мемлекеттік субсидияларды толық игеруі мақсатында әзірледі. Бұл құжат аясындағы жеңілдіктер Маңғыстау атом энергетикалық комбинатына (МАЭК) қатысты.
Ал екінші қабылданған заңды Мәжіліс депутаттары күзет қызметі саласында мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру тәртібін жетілдіру және қару иелері мен күзет қызметін жүзеге асыратын ұйымдарға қойылатын талаптарды күшейту мақсатында әзірлеген.
— Құжатта күзет қызметі субъектілерінің құқықтары мен қару айналымы және Мемлекеттік оқ-гильза қоймасын қалыптастыру саласындағы заңнаманың талаптары нақтыланады, сондай-ақ азаматтық және қызметтік ойық ұңғылы атыс қаруын бақылау мақсатында атысты уақтылы жүргізу жөніндегі міндеттеме енгізіледі, — деді құжат бойынша негізгі баяндама жасаған Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов.
Мәжіліс ратификациялаған келесі құжат — 2024 жылғы 29 қазанда Ұлан-Батыр қаласында қол қойылған Қазақстан Үкіметі мен Моңғолия Үкіметі арасындағы зейнетақы саласындағы ынтымақтастық туралы келісім.
Құжат зейнетақы төлемдерін тағайындау кезінде еңбек өтілін тану және есепке жатқызу бөлігінде басқа елдің аумағына көшу кезінде Қазақстан Республикасы мен Моңғолия азаматтары үшін қосымша мүмкіндіктер береді. Атап айтқанда:
— ортақ және базалық зейнетақыларды есептеу кезінде еңбек өтілін есепке алу мақсатында;
— Қазақстан Республикасының зейнетақы жүйесі аясында қалыптастырылатын жинақтаушы зейнетақыларды экспорттау кезінде.
Атаулы Келісім келесі зейнетақыларға:
— Қазақстан Республикасында — еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдеріне;
— Моңғолияда — әскери қызметі үшін зейнетақыларға қолданылмайды.
Осы мемлекеттердің азаматтарына зейнетақы тағайындау және төлеу тұратын мемлекетінің заңнамасы бойынша жүзеге асырылады.
Отырыс соңында депутаттар мемлекеттік органдарға өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселелер бойынша 18 депутаттық сауал жолдады. Мәселен, Ерлан Барлыбаев Премьер-министр Олжас Бектеновтің атына жолдаған сауалында еңбек мигранттарына қосымша салық салу туралы ұсынысын айтты. Еділ Жаңбыршин Үкіметке Жайық пен Балқаштың экожүйесін «Цифрлық егіз» технологиясы арқылы бақылауға кеңес берді. Жанарбек Әшімжан Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінен Altel, Tele2, Beeline тариф саясатын тексеруді сұрады.
— Таяуда Қазақстанның Altel, Tele2 және Beeline компаниялары ұялы телефонның абонент төлемін 20-пайызға өсіретіндігін мәлімдеді. Яғни, аталған операторлар интернеттің де тарифін 20-пайызға өсіреді деген сөз. Үш ірі оператордың тарифтерді бірдей көлемде, бір уақытта қымбаттатуы қоғамда үлкен күмән тудырып отыр. Бұл компаниялар арасындағы бәсекенің емес, өзара келісімнің, үйлесімнің, астыртын ақылдасудың белгісі емес пе, — деді депутат.