Мәжіліс ОПЕК даму қорымен арадағы операцияларға қатысты құжатты қабылдады

Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Үкіметі мен ОРЕС Халықаралық даму қоры арасындағы жеке сектордағы операцияларды ұйымдастыру туралы негіздемелік келісімді ратификациялау туралы» заңы қабылданды. 

— Жалпы, ОПЕК қоры дамушы елдерге қарыздар мен техникалық көмек арқылы қаржылық қолдаумен айналысады. Қор құрылған сәтінен бастап әлемнің 125 елінде 4 мыңнан астам жобаны іске асыруға 30 млрд доллардан астам қаражат бөлді. Орталық Азия елдеріне 20 жыл ішінде 1,4 млрд доллардан астам қаржы салды. Қордың елде жұмыс істеуі үшін Негіздемелік келісімді ратификациялау міндетті шарт, бұл — оның жарғылық құжаттарында белгіленген стандартты шарт. Қор қызметінің негізгі бағыттары инфрақұрылымды салу және дамыту, климаттың өзгеруіне қарсы күрес жөніндегі шаралар әзірлеу, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, энергетикалық ауысуға жәрдемдесу, цифрландыру және инновациялар, ШОБ үшін экономикалық мүмкіндіктер жасау, — деді Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин.

Қор келесі қызмет түрлерін қаржыландыруы мүмкін:

1) коммерциялық және инвестициялық банктер, лизингтік және ипотекалық компаниялар;

2) ШОБ-қа бағытталған тікелей инвестициялар қорлары;

3) ұлттық немесе өңірлік даму қорлары;

4) микро-қаржы ұйымдарын қаржыландыруы мүмкін.

Пайыздық мөлшерлемелер жылдық екі жарымнан — бес пайызға дейін құрайды. Жеңілдік кезеңі — 6 айдан 24 айға дейін болады. Қарыз алу мерзімі 22 жылға дейін болуы мүмкін. Сондай-ақ, жеке сектордың барлық жобалары Үкіметпен келісілетінін атап өткен жөн. Бұл белгілі бір саладағы қажетсіз келісімдердің алдын алуға мүмкіндік береді. Келісімді ратификациялау қорды тікелей салық төлеуден босатуға, оған және оның активтеріне иммунитеттер мен артықшылықтар беруге мүмкіндік береді. Салықтан босату тек қордың салған қаражатының сомасына және оның кредиттерді қайтарудан түскен қаржылық пайдасына ғана қатысты болады.

— ОПЕК қорымен келісімді ратификациялау елдің жалпы инвестициялық ахуалына оң әсер ететінін белгілеймін. Бұл ретте қордың қарыз қаражатын тарту сыртқы мемлекеттік борышқа әсер етпейтінін атап өткім келеді. Заң жобасы теріс әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарға әкелмейді, сонымен қатар ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ықпал етпейді, — деді вице-министр.

Еске салсақ, жақында Қазақстан мен ОПЕК+ елдері қаңтар-наурызда мұнай өндіру параметрлерін уағдаласты.