Оның айтуынша, аталған Конвенция 1947 жылы қабылданған және Біріккен Ұлттар Ұйымы жүйесіндегі мамандандырылған мекемелердің тәуелсіз әрі тиімді жұмыс істеуіне құқықтық негіз қалыптастырады. Құжатта бұл ұйымдарға қажетті артықшылықтар мен иммунитеттер беру көзделген.
Қазақстан Конвенцияға 2020 жылы ескертпе мен мәлімдеме жасай отырып қосылған. Алайда БҰҰ-ның бірқатар мамандандырылған мекемелері бұл шарттарға қарсылық білдірген. Соның салдарынан құжат бүгінге дейін Қазақстан үшін күшіне енбеген.
- Негізгі себеп – енгізілген ескертпе мен мәлімдеме Конвенцияның мамандандырылған мекемелер қызметкерлерінің мәртебесіне және олардың иммунитеттеріне қатысты негізгі ережелеріне әсер етеді. Халықаралық тәжірибеге сәйкес, мұндай нормалар ұйымдардың келісімінсіз біржақты өзгертілмейді, – деді министрдің орынбасары.
Осыған байланысты БҰҰ Құқықтық мәселелер жөніндегі басқармасы Қазақстанға ескертпе мен мәлімдемені алып тастау мүмкіндігін қарастыруды ұсынған.
Заң жобасын қабылдау Конвенцияның Қазақстан үшін күшіне енуіне мүмкіндік береді. Нәтижесінде елімізде БҰҰ-ның мамандандырылған мекемелерінің қызметіне толыққанды құқықтық негіз қалыптасады.
Сонымен қатар спикер бұл қадам БҰҰ жүйесімен ынтымақтастықты нығайтып, Мемлекет басшысының халықаралық бастамаларын іске асыруға оң әсер етпек. Атап айтқанда, Орнықты даму мақсаттары бойынша Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған Алматыдағы өңірлік орталықты институционалдандыруға серпін береді деп атап өтті.
Бұған дейін Қазақстан БҰҰ форумында тұрақты қалаларды дамыту бойынша тәжірибесін ұсынған еді.