17:14, 10 Сәуір 2009
Меценат мешіт ашып берді
ҚЫЗЫЛОРДА. Сәуірдің 10-ы. ҚазАқпарат /Руслан Игілік/ – Қармақшы ауданы Ақай ауылындағы Мүсірәлі Сопы Әзіз атындағы мешітте Мәуліт мерекесі өткізілді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Байқоңыр қаласының іргесіндегі бұл елді мекендегі имандылық үйінің ірге тасы 2006 жылы сәуір айында қаланған. Содан бастап құрылысы қарқын алған жаңа мешіт былтырғы тамыз айында ел игілігіне айналды.
? 250 адамға есептелген Алла үйіне шын ниетімен келушілердің саны қазіргі кезде тіптен көп. Жұма күндері бес жүзден астам жамағат намазға жығылатын болды, ? дейді бас имам Аяған Өмірбекұлы. - Мектептің төртінші сынып оқушысынан бастап, жетпістегі қарияға дейінгі 120 адамға алғашқы сауат ашу дәрістерін үйретудеміз. Мешіттің үлкен мұнарасының биіктігі 14,5 метр болса, ортасындағы көк күмбезінің ені 11, сыртқы биіктігі 6,50 метр. ? Жыл сайын тұрғындар саны өсіп келе жатқан іргелі ауылдың үлкендері ұсыныс жасап, әркім қал-қадірінше өз үлестерін қосқанымен жиналған ақшаның аздық ететіндігін білдік. Сол кезде қоғамдық қордың төрағалығына жеке кәсіпкер Мырзабек Демесіновті сайлап, үлкен сенім артқанбыз, ? дейді тоқсанға таяған соғыс және еңбек ардагері Қалмырза Жарманов. ? Басталған шаруаны өзінің жеке қаржысымен аяқтап шыққан ол енді 400 адам сиятын арнайы асхана мен жаназа-намаз шығарылатын орын салуды жоспарлап отыр. Бұған дейін бұйығылау болған ауылымызда мешіт ашылғалы бергі жарты жылдан астам уақыт аралығында бес рет үлкен ас беріп, ат шаптырған даңқымыз алыс-жақын ағайын-туыстарға танылған еді. Бүгін, міне, тағы да Алланың нұрына бөлендік. Сондықтан тұрғындар атынан демеушілер мен басшыларға айрықша алғысымды білдіремін. Мерекелік шара барысында қонақтар мешіт ауласына 50 түп терек екті. Оларға Құран кітап пен лауық-текше хадия-сыйлығы берілді. Ал жиналғандарға естелік ретінде муфтияттан әкелінген діни басылымдар теберік ретінде таратылды. Соңынан ас беріліп, бабалар рухына құран бағышталды.