Бүгін Астанада өтіп жатқан Еуразия медиа форумы барысында сөз сөйлеген Форумның Ұйымдастыру комитетінің төрайымы Дариға Назарбаева осылай мәлімдеді.
«Он бірінші рет ашылып отырған Еуразия медиа форумының назарында ауытқымас дәстүрге сай - қазіргі әлемнің басты оқиғалары және олардың бұқаралық ақпарат құралдары айнасында көрініс табуы болмақ. Бүгінгі әлем қарама-қайшы. Сондықтан да, біз Форумның күн тәртібіне Еуразия кеңістігін толғандыратын ең маңызды, ең өткір, ең кезек күттірмес мәселелерді қамтуға тырыстық: терроризм, Ауғанстаннан АҚШ әскерилерінің кетуінен болатын салдар, Таяу Шығыстағы гуманитарлық, саяси, әлеуметтік апаттар, Сириядағы азамат соғысы. Бұл қаралатын мәселенің бір жағы. Екінші жағынан - «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі, «жасыл» экономиканы белсенді ілгерілету қағидаттары, әлемдік энергетиканың жаңа бағыттары», - деп атап өтті Дариға Назарбаева.
Сонымен қатар, ол БАҚ-ты дамыту перспективалары мен ХХІ ғасырдағы медиа-тренд мәселелері форум бағдарламасынан ерекше орын алатынын атап өтті. «Назар аударарлық дүние - осы жылдар ішінде біздің форумның тарихы жаһандық медиа-революциясының дамуымен бірге өсті. Соңғы 15-20 жылда спутниктік және кабельдік телевидениенің дамуымен, интернеттің, смартфонның, планшеттің кеңінен таралуымен қатар, медианарық адам мен қоғам өмірінде осыдан он жыл бұрынға қарағанда айтарлықтай рөл атқара бастады. Жалпы медиа-революция мен жаңа технологиялар біздің әлемді адам танымастай етіп өзгертті. Біздің көз алдымызда өзгеріп жатқан дүниелер, әлі де бізді таңдандырып келеді», - деді Д. Назарбаева.