Тарбағатай ауданы Тұғыл ауылы тұрғындарына әркез көмек қолын созып, жанына дауа, тәніне шипа болар ем беріп жүрген ақ халатты жан - Жеңісгүл Смагзамова. Ол 1984 жылы Семейдегі мемлекеттік медициналық институтқа түсіп, 1990 жылы педиатрия мамандығы бойынша тәмамдаған.
1992 жылдан бастап Тарбағатай аудандық ауруханасына қарасты Тұғыл ауылдық амбулаториясының учаскелік педиатр дәрігері болып қызмет атқарған. 2012 жылы Тұғыл ауылдық дәрігерлік амбулаториясының менгеруші болып, содан күні бүгінге дейін осы лауазымда табан аудармай еңбек етіп келеді.
«Медицина саласында жүргеніме биыл 31 жыл толды. Сонда да білімімді үнемі жетілдіріп отыруға тырысамын. Себебі біздің сала уақыт өткен сайын өзгеріп, жаңарып отырады», - дейді ол.
Кейіпкеріміздің айтуынша, Тұғыл ауылдық ауруханасында ана, бала өлімі тіркелмеген. Скринингтік шаралар толықтай және уақтылы жүргізілуде.
Былтыр Тұғыл ауылының тұрғындары Жеңісгүл Смагзамованың жұмыс өтіліне 30 жыл толуына орай салтанатты түрде құттықтап, құрмет көрсетті. Бұл оның жұрттың ыстық ықыласына бөленіп жүргенінің дәлелі.
«Жеңісгүл Қабыкенқызы үнемі науқастың көңілін көтеріп, өмірге деген құлшынысын арттырады. Ел үшін еңбек ету деген осы. Сондықтан біз әріптесімізді бағалаймыз», - дейді аудандық аурухананың бас дәрігері Елжан Манарбеков.
Галина Семенова Шығыс Қазақстан облысындағы жоғары санатты анестезиолог-реаниматолог дәрігер. Медицина саласында тер төгіп келе жатқанына 20 жыл болды. Еңбек жолын Катонқарағай аудандық ауруханасында анестезиолог болып бастаған. 2011 жылдан бері ШҚО ауруханасының Анестезиология, реаниматология және қарқынды терапия бөлімшесін мен жылжымалы медициналық авиация бригадасында анестезиолог-реаниматолог дәрігері болып қатар қызмет етті. 2020 жылдан бастап Шығыс Қазақстан облыстық Денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас анестезиолог-реаниматолог дәрігері.
«Бала күнімнен дәрігер болғым келетін. Анамның туған әпкесі кардиолог болған. Соған қарап қызығатынмын. Ақ халат киіп, ауырған жандарды емдегім келетін еді. Сөйтіп, осы бағытқа бет бұрып, әлі күнге дейін үздіксіз жұмыс істеп келемін. Өзімнің туған ауылым Катонқарағайдағы ауруханада анестезиолог дәрігердің жоқтығына үнемі назар аударатын әкемнің талабымен анестезиолог болдым», - дейді ол.
Семей мемлекеттік медицина университетін тәмамдаған соң Галина Семенова осы өз ауылына жұмысқа келген. Ол кезде сол медициналық мекемеде 2 жыл бойы анестезиолог дәрігер болмаған-тұғын. Осы уақыт ішінде бұл дәрігердің жұмысын мейірбике-анестезистер Ибраимова Айгүл мен Темірханова Гүлзира атқарып отырған.
«Оларға жұмысымның алғашқы жылдарында көрсеткен қолдаулары мен көмектері үшін алғыс айтамын. Катонқарағайда барлығы 9 жыл еңбек еттім. Бұл мен үшін үлкен мектеп, мол тәжірибе болды. Бүкіл аудан бойынша мен жалғыз анестезиолог едім. Балалармен, ересектермен, қарт науқастармен, жүкті әйелдермен жұмыс істедім. Катонқарағай ауданында арасы 90 шақырым болатын екі аурухана бар, бірнеше жыл бойы 2 ауруханада алма кезек жұмыс істеуге тура келген сәттер болды. Негізі медицина қызметкері үшін ауданда жұмыс істеу - баға жетпес тәжірибе. Сол үшін қаладағы әріптестерімді ауданға барып еңбек етіп көруге шақырамын», - дейді кейіпкеріміз.
Галина Семенова осы уақытқа дейін жүздеген адамның өмірін ажалдан арашалап қалған. Бірақ оны тек өзінің емес, әріптестерінің арқасы деп санайды.
«Реанимация – командалық жұмыс. Бұл жерде «мен» деген жоқ, тек «біз» бар. Әлем бойынша бірде-бір дәрігер ауыр патологияны жалғыз өзі жеңе алмайды. Білікті әрі ұйымшыл команда болу керек. Мен қазір осындай ұжымда жұмыс істеп жүргеніме қуаныштымын», - дейді ақ халатты абзал жан.
Тірек-қозғалыс аппараты бұзылған адамның өмір сүру сапасын қалпына келтіру көп жағдайда травматологтың кәсіби деңгейіне байланысты. Жарақаттың кез келген түрін емдей алатын «алтын» қолды дәрігер деп Шығыс Қазақстан облысының бас ортопед-травматологы Сергей Карасевті айтуға болады.
Оның тірек-қимыл аппаратын диагностикалау және емдеу саласындағы 40 жылдан астам тәжірибесі бар. Ақ халатты жан Шығыс Қазақстан облыстық ауруханасында, консультативтік-диагностикалық орталықта жұмыс істеді. Медицина саласындағы жоғары нәтижелері үшін «Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау үздігі» құрметті атағының иегері де атанған.
«Травматологиялық ауруларды емдеуде инновациялық тәсілдерді қолдану қажет. Жаңа білім алу үшін республикалық және шетелдік тағылымдамалардан өтіп, ғылыми конференцияларға жиі қатысуға тырысамын. Травматологияда қолдану үшін медициналық мақсаттағы бұйымдарды жасау бойынша жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық орнатудамыз», - дейді Сергей Карасев.
Өз сөзінде ол осы жарты ғасырға жуық еңбек өтілінде сан алуан жағдайлардың болғанын, адамдардың неше түрлі жарақатпен келетіндігін жеткізді. Травматологқа көбінесе аяқ-қолын сындырып, көгертіп алғандар келеді. Денесінің бір бөлігін күйдіріп немесе үсітіп алғандар да жүгініп жатады. Медицина қызметкері әрдайым оларға сапалы көмек көрсетеді.
Задабек Шапатовтың есімі Күршім ауданының жұртшылығына ғана емес, мұқым облысқа танымал. Себебі хирург талай адамның өмірін сақтап қалған өз ісінің нағыз шебері. Бүгінгі таңда зейнеткерлікке шықса да еңбектен қол үзбей, аудандық аурухананың хирургия бөлімшесінің меңгерушісі қызметін атқарып келеді. Хирургтер кабинетінің алдында Задабек ағаны күтіп, кеңесін алу үшін кезекте тұратындар көп.
«Әр адамға қолымнан келгенге көмектесіп, білген ақылымды айтудан жалықпаймын. Бұны өзімнің борышым санаймын. Соңымнан ерген шәкірттерім де аз емес», - дейді хирург.
Кейіпкеріміз ұзақ жылдар аудандық аурухананың ауыр жүгін арқалап, алдына келген науқастарға сан түрлі ота жасап, құлан таза айығып кетулеріне себепші болып келеді. Өт жолдары, асқазан, соқыр ішек ауруларымен түскен пациенттерге кейбіріне жоспарлы, енді біріне шұғыл ота жасайды.
«Ота барысында заманауи эндоскопия, фиброгастроскоп тәсілдерін кеңінен пайдаланамыз. Ота жасауда батылдық, өзіңе деген сенімділік қажет. Мол тәжірибе мен білім де дәрігердің қаруы», - дейді Задабек Шапатов.
Бүгінде оның қасында болашағынан мол күтетін жас хирург Бекмұрат Жұматов жүр. Жас маманның үйренері көп. Задабек аға да шәкіртіне мол сенім артатынын айтты.