- Мемлекеттік бағдарламаны іске асыру барысында кез-келген оң өзгерістер мемлекет қаражаты мінсіз жұмсалған жағдайда ғана орын алуы мүмкін. Медициналық жабдықтарды лизингке тиімді сатып алу, мамандарды сапалы оқыту, ішкі аудит деңгейінде емдеу сапасын қатаң бақылау - қазіргі уақытта осының бәрін медициналық ұйым шеңберінде іске асыруға болады. Және бұл үрдістерді бақылау үшін медициналық ұйымдарда Қадағалаушы кеңестер жұмыс істейді. Енді осы Қадағалаушы кеңестердің пәрменділігін арттыру керек. Емдеу ұйымдарының 6 мыңнан астам жетекшісі менеджмент курстарынан өтті. Халық денсаулығы жағдайының деңгейі өз кезегінде, елдің әлеуметтік-экономикалық, мәдени және индустриялық даму шамасын айқындайды. Медициналық көмек көрсетудің қолжетімділігін, уақтылылығын, сапасы мен сабақтастығын қамтамасыз етуге қызмет ететін бірыңғай дамыған, әлеуметтік бағдарланған жүйені білдіретін денсаулық сақтау саласы халық әл-ауқатының орнықты және тұрақты өсуі тұрғысынан алғанда республикадағы негізгі басымдықтардың бірі болып табылады,- деді ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің бірінші орынбасары С.Қайырбекова «Мемлекеттік бағдарламалар: түсінік беруді талап етеміз» атты дөңгелек үстел барысында сөйлеген сөзінде.
Президент Н.Ә. Назарбаев «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» атты Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің дамуының жаңа кезеңіндегі мемлекеттік саясаттың бір бағыты медициналық қызмет көрсету сапасын жақсарту және денсаулық сақтаудың жоғары технологиялық жүйесін дамыту болуы керек деп атап көрсетті.
Медициналық қызметтердің сапасы кешенді ұғым болып табылады және ол көптеген көлемді себептерге байланысты, олардың ішінде медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық жарақталуын, клиникалық мамандардың кәсіби деңгейін және оны арттыруға деген уәждемесінің болуын, медициналық көмекті ұйымдастыру мен көрсету үдерістерін басқарудың қазіргі заманғы технологияларын енгізуді, медициналық көмекке ақы төлеудің тиімді әдістерін енгізуді бөлек атап өткен жөн.
Медициналық қызметтердің сапасын басқаруды жетілдіру Қазақстанның денсаулық сақтау саласын 2020 жылға дейін стратегиялық дамыту аясында маңызды орын алады.