Ауруханаішілік инфекциялар көбейді: Министрлік клиникаларда міндетті аудит енгізеді

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда 2025 жылы МКБИ тіркелу деңгейі 2024 жылмен салыстырғанда 1,41 есеге өсті. Мұндай жағдайлардың ең көп саны акушерлік ұйымдарда тіркеледі, онда іріңді-септикалық инфекциялар жиі кездеседі.

Фото: ДСМ

Денсаулық сақтау министрлігі медициналық көмек көрсетуге байланысты инфекциялардың (МКБИ) профилактикасы жүйесін жетілдіру және ауруханалар мен басқа да медициналық ұйымдардағы пациенттердің қауіпсіздігін арттыру бойынша жұмысты күшейтуде. Осыған байланысты «Ішкі инфекциялық аудит жүргізу қағидаларын бекіту туралы» бұйрықтың жобасы әзірленіп, қазіргі уақытта келісу және мемлекеттік тіркеу рәсімдерінен өтіп жатыр.

Медициналық көмек көрсетуге байланысты инфекциялар қазіргі заманғы денсаулық сақтау жүйесінің аса маңызды мәселелерінің бірі болып қала береді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сәйкес әлемде әрбір оныншы пациент медициналық көмек алу кезінде инфекцияға шалдығады, ал шамамен 1,4 млн адам бір мезгілде МКБИ бойынша ем қабылдайды.

Қазақстанда 2025 жылы МКБИ тіркелу деңгейі 2024 жылмен салыстырғанда 1,41 есеге өсті. Мұндай жағдайлардың ең көп саны акушерлік ұйымдарда тіркеледі, онда іріңді-септикалық инфекциялар жиі кездеседі.

Бұдан былай ішкі инфекциялық аудит меншік нысанына қарамастан, медициналық ұйымдардағы инфекциялық бақылау жүйесінің міндетті элементіне айналады.

Оның басты міндеті — инфекция салдарымен күресу емес, қауіптердің алдын алу: бұзушылықтарды уақтылы анықтау, олардың туындау себептерін жою және инфекциялардың қайталанатын жағдайларына жол бермеу.

Аудит жүргізу мерзімділігі медициналық ұйымның бейіні, эпидемиологиялық жағдай және алдыңғы тексерулердің нәтижелері ескеріле отырып айқындалады. Қосымша эпидемиологиялық қауіптер туындаған жағдайда жоспардан тыс аудиттер жүргізіледі.

Ішкі инфекциялық аудит шеңберінде медициналық ұйымдар инфекциялық қауіпсіздік талаптарының сақталуын жүйелі түрде бағалайды.

Атап айтқанда:

• медициналық персоналдың қол гигиенасын сақтауын;
• асептика және антисептика қағидаларының орындалуын;
• медициналық бұйымдарды дезинфекциялау және стерильдеу сапасын;
• жеке қорғаныш құралдарын пайдалануды;
• хирургияда және жоғары қауіп тобына жататын бөлімшелерде инфекциялардың профилактикасын;
• медициналық емшаралардың қауіпсіздігін;
• медициналық қалдықтармен жұмыс істеуді;
• персоналды инфекциялық қауіпсіздік мәселелері бойынша оқытуды бағалайды.

Бұзушылықтар анықталған жағдайда МКБИ профилактикасы жөніндегі комиссия нақты орындау мерзімдері мен жауапты тұлғаларды көрсете отырып, түзету шараларын әзірлейді. Одан кейін қабылданған шаралардың орындалуына бақылау жүргізіліп, олардың тиімділігі бағаланады.

Қағидалар жобасы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымдары ескеріле отырып әзірленді және медициналық ұйымдардың ішіндегі эпидемиологиялық қадағалауды жетілдіруге бағытталған.

Көптеген дәрілік препараттарға төзімді микроорганизмдердің таралуының профилактикасына ерекше назар аударылған. Себебі МКБИ пациенттердің стационарда болу мерзімін ұзартып, қосымша антибактериялық емге, қайталама медициналық араласулар мен зертханалық диагностикаға қажеттілікті арттырады.

Жаңа Қағидаларды қабылдау:

• МКБИ профилактикасының тиімділігін арттыруға;
• ауруханаішілік инфекциялардың туындау және таралу қаупін төмендетуге;
• медициналық ұйымдардағы ішкі сапа мен инфекциялық қауіпсіздікті бақылауды күшейтуге;
• медицина қызметкерлерінің инфекциялық бақылау мәселелері бойынша құзыреттілігін арттыруға;
• инфекциялық асқынуларды емдеуге байланысты денсаулық сақтау жүйесінің шығындарын қысқартуға мүмкіндік береді.

Айта кетелік онколог қатерлі ісіктің елемеуге болмайтын алғашқы белгілерін атаған еді