Қазақ тіл білімінің ғылыми-теориялық негізін салушылардың бірі, көрнекті ғалым Құдайберген Жұбановтың туғанына 115 жыл толуына орай өткізіліп жатқан шараға Қазақстан, Түркия және Қырғыз елінің ғалымдары, мемлекет және қоғам қайраткерлері мен Қ.Жұбановтың ұрпақтары қатысты. Алқалы жиында қазақ тілі білімі және жалпы түркітануға қатысты, сонымен қатар Құдайберген Жұбановтың ғалымдық қыры, мұралары туралы жан-жақты баяндалды.
Дөңгелек үстелді ашып, жүргізіп отырған Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі: «Құдайберген Жұбанов қазақ тарихындағы алғашқы профессор ретінде термин жасауға үлкен еңбек сіңіргенін жақсы білеміз. Ол ең алғашқы болып шағатай әдебиеті, Яссауи мұрасы, Абай туралы пікір білдірген көп қырлы ғалым. Санаулы ғұмырында осындай үлкен істер жасаған Жұбановқа арнап шара өткізуді біз өзімізге парыз санадық. XX ғасырдың басында Исмайыл Ғаспыралы бастаған түркі тектес елдерден шыққан ғалымдар, оқымыстылар тізе қосып үлкен шаруалар атқарды. Баку конгрессін өткізді, ортақ әліпби, ортақ тіл, жазу мәселелерін көтерді. Алайда Кеңес үкіметі оларды қыспаққа алып, үлкен армандар орындалмай қалды. Репрессия жылдары түркілерден тараған дарынды тұлғалардың барлығы дерлік жапа шекті. Оның ішінде әрине, біз сөз етіп отырған Құдайберген Жұбанов та бар. Жалпы Жұбановтар әулеті қазақ мәдениетіне, тіліне, өнеріне үлкен үлес қосты», - деді.
Белгілі ғалым, абайтанушы Мекемтас Мырзахмет: «1934 жылдары Абай мұрасы терістеле бастады. Абайды зерттеуді алып тастау керек деген пікірлер болды. Абайды еңбегіне қарап емес, тегіне қарап бағалай бастады. Қоғамның пікірі осылай теріс қарай бағыт алып бара жатқанда оны оңға бұрып және дұрыс жолға салған екі адам болды. Бірі - Мұхтар Әуезов, екіншісі - Құдайберген Жұбанов. Ол «Абай - қазақ әдебиетінің классигі» деген мақала жазды.
Ал қырғыз ғалымы Ташполат Садықовтың пікірінше, Құдайберген Жұбанов тек қана қазақ тіл білімі үшін ғана емес, қырғыз тілінің дамуы үшін де зор еңбек сіңірген ғалым. Әрі түгел түркінің мақтан ете алатын тұлғасы. Халықаралық Түркі академиясы осындай шаралар арқылы түркінің тау тұлғаларын түркі халықтарының баршасына танытуға ерекше үлес қосуда.
Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша арнайы қарар қабылданды.