«Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында «Төрағалықтың 9 айы» деген тақырыпта мақала жарияланды. Басылымның жазуынша, Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалығы барысында әскери емес қауіпсіздік аспектілеріне мамандандырылған Ұйымның құрылымдарын, оның ішінде антитерорлық бөлімшелер мен полицейлік қызмет мәселелерімен айналысатын стратегиялық бөлімді қолдауды басты назарды ұстап келеді. Осыған байланысты биыл аталған құрылымдар жетекшілерінің Қазақстанға жұмыс сапары ұйымдастырылды. Сондай-ақ, еліміздің төрағалығында жаңа қауіптер мен қатерлерге қарсы іс-қимылда шекара қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, оған қырағы бақылау орнату саласында ЕҚЫҰ-ның мүмкіндігін нығайту басым бағыттардың бірі болып табылады. Бұл мәселеде Ауғанстан үшін шекара қызметі кадрларын дайындау мақсатында құрылған Душанбе қаласындағы ЕҚЫҰ-ның шекаралық колледжін дамытудың маңызы бөлек. Еліміздің халықаралық ұйымға төрағалығы тұсындағы алдыға қойған міндеттері жөнінде жоғарыдағы мақаладан біле аласыздар.
Сондай-ақ осы басылымның жазуынша, қазіргі таңда өңірдегі қауіпсіздік ауған мәселесіне ғана емес, Қырғызстандағы тереңге тартып тұрған саяси дағдарысқа байланысты да елеулі сынға түсуде. Ауғанстаннан әлі де біздің елдерімізге есірткі көптеп жеткізілуде, сөйтіп ұйымдасқан қылмысты өршітуге жағдай жасалып, өңірлік тұрақсыздық қоздырылуда. Сондықтан да Ауғанстанға көмектесу Қазақстанның сыртқы саясат саласындағы маңызды бағыттар және ол біздің төрағалығымыздың күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің бірі. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Парламенттік Ассамблеясының мәжілісінде көтерілген осы және өзге де мәселелер жөнінде «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санындағы «Комиссар Катани керек» атты мақаладан білуге болады.
***
«Айқын» басылымына сұхбат берген көші-қон комитетінің төрағасы Қабылсаят Әбішевтің айтуынша, «Көші-қон мәселесімен айналысатын жеке мемлекеттік орган керек» деген мәселе көптен бері көтеріліп келеді. Көші-қон Қазақстанда ғана емес, дүниежүзінде күрделеніп барады. Адамдардың еркін қозғалуы, еркін көшіп-қонуы - жаһандану үрдісінің бір көрінісі. Сондықтан шет елдегі қандастарының қамы үшін министрлік немесе жеке агенттік құрып жатқан мемлекет көп. «Қазақстанда да бұл мәселе көптен бері айтылды, енді Көші-қон комитеті ІІМ-не беріледі. ІІМ-де құрылатын комитетті «Көші-қонды бақылау комитеті» деп аталғаны дұрыс. Себебі комитет көші-қон саясатымен, оралмандармен, босқындармен айналысады. Бүгінгі таңда Қазақстанда мыңның үстінде босқын бар. Босқындар мәселесі де күрделеніп барады. Былтыр 590 ғана босқын болса, биыл мыңнан асты. Себебі көрші елдердегі саяси ахуал тұрақты емес, ол жақтың қуғын көрген азаматтары бізден пана сұрап келуде», дейді сұхбат беруші. Еліміздің көші-қон саласындағы түйткілді мәселелер жөнінді білгіңіз келесе, «Айқынның» бүгінгі санындағы «Квота алған оралман кері көшсе, қаржысын қазынамызға қайтаратын болады» деген материалды оқыңыз.
Сондай-ақ аталмыш басылым бүгінгі санында ақжолтай жаңалықты жеткізіпті. Оған сенсек, бүгінде әлемнің үш-ақ мемлекетінде бериллий өндіру технологиясының патенті бар. Соның бірі - Қазақстан. Табиғатта аса сирек кездесетін, тек синтездеу жолымен алынатын осынау металдың «қадір-қасиеті» көп. «Бірақ озық технологиямыз болғанымен, ондай өнімге сұраныс түсті дегенді естімеп едік, таяуда Белоруссия мемлекетінің «қызығушылары» индустриялық-инновациялық бағдарлама бойынша жұмыс істеуге келісім беріп, Шығыс Қазақстанда өздеріне аса қажетті бериллий өндірісін жолға қоюға ниетті екендіктерін мәлімдеді. Қазақстан жағы бұған қуана келісті», деп жазады басылым тілшісі. Бұл мәселе жөнінде «Берилийге сұраныс түсті» атты мақаладант біле аласыз.
***
Тағы бірқуанышты жаңалықтыбүгінгі санында «Алаш айнасы» газеті жеткізіп отыр. Басылымның хабарлауынша, жаңалықтың бәрін шетелден күтетін әдетімізге нүкте қоятын кез келген сықылды. Қалауын тапса, қазақстандық ғалымдардың да қолынан келері көп. Бүгінгі дейін қазақ руханиятына, қазақ ғылымына үлкен үлес қосқан ғалым Мекемтам Мырзахметов әлі де ұлтқа, кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге боларлықтай, бергенінен берері көп екендігін тағы да танытты. Ғалым еліміз үшін тың жаңалық боларлық сөйлейтін қалам ойлап тапты. Иә, кәдімгі сөйлейтін қалам! Идея қазақтікі болғанымен, Жапонияда жасап шығарылған. Жоғары технологиясы мықтап дамыған жапондықтардың өзі қарапайым ғалымның тың дүниесіне таңдай қағып, қызығушылық танытыпты. Бұл туралы басылымның бүгінгі нөміріндегі «Мекемтас Мырзахмет сөйлейтін қалам ойлап тапты» атты мақаладан білуге болады.
Сондай-ақ аталмыш басылымның хабарлауынша, ағымдағы жылдың сәуір айының 12-сінде Алматы әкімшілігі азаматтарды міндетті тіркеуден өткізудің ережесін қабылдады. Жаңа тәртіп бойынша Алматы қаласындағы көпқабатты және жер үйлерде, саяжайлар мен кеңселерде «әрбір 15 шаршы метрге - бір адам» есебі бойынша тіркеледі. Қала әкімшілігінің айтуынша, бұл шаһардағы құқықтық тәртіпті ретке келтіру үшін қолға алынған шара. Алайда қалада қазір осы шараны пайдаланып, ауадан ақша жасап жатқан алаяқтар саны артып отырғанға ұқсайды. Бұл туралы «Алаш айнасының» бүгінгі санындағы «Алматыда азаматтар тіркеуге заңсыз тұрып жатыр» атты материалда егжей-тегжейлі жазылған.
***
«Казахстанская правда» басылымының хабарлауынша, Кедендік одаққа мүше үш мемлекет те өздерінің экономикалық шекараларын кеңейтіп, шекаралық сауда ерекше қарқынмен қызып отыр. Сондай-ақ екіжақты бірлескен кәсіпорындар саны артуда. Бұл саланың дамуына әсіресе Қазақстанның қайта өңдеу саласына мол көлемде қаржы бөліп отырған ресейлік кәсіпкерлердің үлестері зор. Аталмыш мәселе жөнінде «Казахстанская правда» басылымының бүгінгі санындағы«По пути интеграций» атты мақаладан оқып-білуге болады.