Партия өкілі ауыл тұрғындарының қаржылық сауатын арттыру үшін «Қарызсыз қоғам» жобасын қолға алғанын, оған республиканың 8 өңірінде 52 мың адам қатысқанын атап өтті.
«Жобаға қатысқандар арасында несиені қандай себеппен алғанын сұрап, сауалнама жүргіздік. Нәтижесінде көпбалалы отбасылар балаларын киіндіру үшін несиеге жүгінетінін білдік, әсіресе 1 қыркүйек жақындағанда мектеп киіміне көп шығынданады. Сосын қыс жақындағанда тұрғындар жаппай көмір сатып алады. Бала саны көбейген сайын үйдің ауқымы да өседі, үй жанынан қосымша бөлме салуға, техникаға, той-салтанаттарға несие алу фактілері бар. Оған қоса, азық-түлік күннен күнге қымбаттап барады. Тіпті дүкеннен нан алмай, 4-5 қап ұн алып, үйде нан пісіріп жан бағып отырғандар бар. Қазір мектептегі балаларды тегін тамақтандыру осы отбасыларға үлкен көмегін тиігізіп отыр», - деді Эльдар Жұмағазиев.
Спикердің айтуынша, жастардың несиеге әуестігі алаңдатуда. Жастардың 85% техника-смартфон секілді гаджеттерге әуестеніп несие алған. Сондай-ақ, жеткізу жұмысымен айналысып, табыс табу үшін самокат-мопед алғандар бар. Жастардың тек қана 5 пайызы өз білімін жетілдіруге, тағы 5 пайызы – бизнес ашуға қарыз алған.
«Ең ауыры – зейнеткерлердің жағдайы деуге болады, бізге оқуға келген зейнеткерлердің ешбірінің мойнында өзінің қарызы болған жоқ, олардың балалары мен немерелері несие алып, соларды өз зейнетақысынан төлеп отыр. Жалпы 7 айда түйгеніміз – «Қарызсыз қоғам» курсына қатысқандардың 61% банктерге қанша үстемеақы төлейтінін білмеген. Қолында несие туралы келісімшарт та, төлеу графигі де жоқ. Ал 69% қатысушының ертеңге күнелтетін ақшасы жоқ. Сондай-ақ, қатысушылардың 80% табысты арттыру жолдарын үйренгісі келеді. Ауыл адамдарының табысын арттыруға нақты дағдылардың болмауы да кедергі келтіруде. Яғни, мал өсіру, сүт сауу, жем-шөп жұмыстарында ескі тәсілдер қолданылады, жаңа әдістер мен экономикалық негіздеме жоқ. Соған байланысты, халықты жаңа дағдыларға оқытуға қаражат бөлу керек деп есептейміз», - деп ұсынды партия өкілі Қаржы министріне.
Жоба сарапшылары тұрғындар арасында үнемдеу мәдениетін насихаттағысы келеді.
«Көп кездеспейтін мысалды айтайын – Алматы облысы Ақши ауылындағы отбасылық жұп баласы 1-сыныпқа барғанда депозит ашқан. Өзі еден жуушы, күйеуі – құрылысшы. Екеуі бірігіп, артық ақшаны депозитке жинай берген және қазір баласы 8-сыныпта оқыса, есепшотында 15 млн теңге жиналған. Осы отбасының мысалын барлығына айтып жүрміз. Биыл «Қарызсыз қоғам» жобасында 60 мың адамды оқытсақ, келесі жылдан бастап 750 мың адамды оқыта бастаймыз. Оның ішінде мектеп оқушылары, колледж бен ЖОО студенттері бар, сосын 200 мың ауыл-қала тұрғындары бар», - деді Э. Жұмағазиев.
Айта кетейік, бүгін Мәжілісте «Халықтың шамадан тыс кредит алуын азайту және қаржылық сауаттылықты арттыру» тақырыбында Парламент тыңдауы өтті.
Қарыз алушылардың құқығын қорғауды күшейту бойынша заңнамалық түзетулер пысықталып жатыр.