Мектеп парталары қауіпсіздік стандарттарына сәйкес келмейді - Романовская

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мектеп парталары қауіпсіздік стандарттарына сәйкес келмейді. Бұл туралы Үкімет отырысында «Тұтынушылар ұлттық лигасы» ұйымының басқарма төрайымы Светлана Романовская мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мектеп және университет парталарына тоқталатын болсақ, олар қауіпсіздік стандарттарына сәйкес келмейді. Кезінде Мәжіліс мінберінен депутаттық сауал жолдап, сол кезде 70 пайыз мектептің парталары қауіпсіздік стандарттарына сай еместігі жөнінде мәселесі көтерілген болатын. Алайда содан бері ештеңе өзгере қойған жоқ»,-деді Романовская.

Бұдан бөлек, ол мектеп формасы мәселесіне тоқталды.

«Мектеп директорлары қай форманы, кімнен және қандай бағаға сатып алу керектігін нұсқайтынын білеміз. Біздің ойымызша, осы арқылы ата-аналарға тауар күштеп өткізіледі. Бұл ретте тұтынушылар құқықтарын қорғау заңнамасын бұзуға жол беріледі»,-дейді ол.

Сонымен қатар Светлана Романовская балалар аттракциондары тиісті деңгейде тексерілмей отырғандығын атап өтті. Осы орайда балалардың зақым алуына байланысты шағымдар саны азаймай отыр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Тұтынушылар ұлттық лигасы косметикалық қызметтер мен пластикалық хирургияға шағымданатындар көбейгендігін мәлімдеген ед і.