Мектепке жеткізілмеген жабдыққа екі миллион теңгеден астам қаржы заңсыз аударылған - Ақмола облысы

КӨКШЕТАУ. Ақпанның 19-ы. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/ - Ақмола облысы бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті мектепке жеткізілмеген жабдықтар үшін ақша аударған мемлекеттік қызметшінің үстінен ҚР ҚК-сінің 307-ші бабы 2-ші тармағы негізінде қылмыстық іс қозғады,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жақсы ауданының прокуроры Ербол Құсайыновтың айтуынша, прокурорлық тексеріс кезінде бюджеттік қаржының тиімсіз пайдаланылғаны анықталған. Алдын ала жүргізілген тексеріс көрсеткендей, аудандық білім бөлімінің бұрынғы меңгерушісі мемлекеттік сатып алу шартына сәйкес Жақсы кентіндегі мектеп концерт залына қажетті жабдықтар алуға екі миллион 530 мың теңге қаржыны заңсыз аударған. Қазір өз өтінішімен қызметінен босатылған аудандық бөлім меңгерушісінің үстінен қылмыстық іс қозғалды.