ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батысқазақстандық сақшылар «Мектепке жол» шарасы барысында мүмкіндігі шектеулі, сондай-ақ ата-ана қамқорлығынсыз қалған және көп балалы отбасылардан шыққан балалар оқитын бес білім мекемесіне 6 млн. теңге аударды.
БҚО ішкі істер департаменті баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, атап айтқанда, Орал қаласындағы №15 облыстық көмекші мектеп-интернатқа, облыстық балалар үйіне, есту және сөйлеу қабілеті бұзылған балаларға арналған облыстық мамандандырылған арнайы мектеп-интернатына, көзі нашар көретін балаларға арналған облыстық мамандандырылған арнайы мектеп-интернатына 1 млн. теңгеден, Зеленов ауданындағы Көшім балалар психоневрологиялық медициналық-әлеуметтік мекемесіне 2 млн. теңге көмек берілді. Бұл білім ордалаларында 700-ден астам бала оқыса, соның 170-і - жетімдер.
Аталған мекеме директорларына департамент бастығы Махамбет Әбисатов сертификаттарын тапсырып, соңғы үш жыл бойы дәстүрге айналған бұл шараның алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді.
Өңірде 1 тамыз - 30 қыркүйек аралығында «Мектепке жол» шарасы одан әрі жалғасуда.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).