Оның айтуынша, алғашқы күннен-ақ әкімшілік жауапкершілікке 38 азамат тартылып, 39 тұлға ішкі істер бөлімінің алдын алу есебіне тіркелсе, соның 15-і кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдер болып отыр. Сонымен қатар 24 қолайсыз отбасы анықталған.
Жедел алдын алу іс-шарасы барысында қаладағы білім орындары, компьютер клубтары, интернет-кафе, мейрамхана мен барлар, сауда нүктелері тексерілген. 32 ойын-сауық орны мен 26 компьютер клубын тексеру кезінде түнгі уақытта жүрген жасөспірімдерге байланысты 5 лауазымды тұлғаға және 11 ата-анаға әкімшілік хаттама толтырылған.
"Іс шараның негізгі мақсаты - жасөспірімдер қылмысының алдын-алу және болдырмау. Құқық бұзушылыққа бейім жасөспірімдер топтарының, есірткі және психотропты заттар қолданатын, сабақтан қашатын, алкогольді ішімдікке үйір жасөспірімдердің жолын кесу, сонымен қатар жасөспірімдерді осындай келеңсіз жайттарға итермелейтін үлкендерді, сондай-ақ жасөспірімдерге алкогольді ішімдіктер мен темекі бұйымдарын сататын азаматтарды анықтау мақсатында ұйымдастырылып отыр", дейді Н.Ораз.
Қазіргі уақытта елордада түрлі санат бойынша 526 жасөспірімнің есепте тұрғанын атап өткен ол "жасөспірімдер ұрынатын қылмыстардың басым бөлігі ұялы телефондарды ұрлауға қатысты болып отыр", деп атап өтті.
Айта кетейік, "Мектептегі құқықтық тәртіп" республикалық жедел алдын алу іс-шарасы ақпанның 15-19-ы аралығында өтуде.