«Мектептерде қоғамдық тәртіп» шарасы барысында 167 кәмелетке толмаған жеткіншек жауапкершілікке тартылды - Ақмола облысы

КӨКШЕТАУ. Ақпанның 18-і. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/ - Ақмола облыстық ішкі істер департаментінің деректері бойынша, «Мектептерде қоғамдық тәртіп» республикалық шарасының алғашқы екі күнінде қоғамдық тәртіпті бұзған 167 кәмелетке толмаған жеткіншек жауапкершілікке тартылды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Апталық шараға қатысты баспасөз өкілдерімен өткізген брифингте облыстық қоғамдық тәртіпті сақтау басқармасының бастығы Қанат Бабажанов екі тәулікте өңірде ішкілік ішкен - 50, сабақтан бас тартқан 55 жеткіншек есепке алынған. Сонымен қатар 69 балғын мен 66 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Қоғамдық ұйымдар мен бірлестіктер, жастар жасақтарының қатысуымен ойын-сауық орындарында, мәдениет ошақтарында, мейрамханаларда жүргізілген рейдтер барысында 10 бала -ішкілік ішуге, ал токсикалық заттар қолдануға қатысты 5 бала есепке алынған. Кәмелетке толмағандарға ішімдік пен темекі сатқан 11 сауда қызметкері жауапқа тартылып, тиісті хаттама толтырылған. Қаңтар айында кәмелетке толмағандармен байланысты 23 қылмыстық әрекет тіркелген, бұл өткен жылмен салыстырғанда үш есеге жоғары. Мектеп оқушылары арасында қоғамдық тәртіпті сақтамау Көкшетау қаласында, Ерейментау, Қорғалжын аудандарында орын алуда.