ОРАЛ. 24 қазан. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - БҚО-ның Ақжайық ауданындағы орта мектептердің жанында жылыжайлар салынуда.
Тайпақ ауылындағы Қ.Байсықов атындағы орта мектеп жанындағы аумағы 6х12 метрлік шағын жылыжайдың құрылыс материалы аудандық білім беру бөлімі арқылы әкелінген. Құрылысты мектеп ұжымы өз күшімен жүргізуде. Жылыжайға жауапты маман Есет Ізбасаровтың сөзіне қарағанда, құрылыс қараша айының басында аяқталуы тиіс. Дәл осындай жылыжай Краснояр орта мектебі жанынан да бой көтеруде.
Аудан әкімі Абай Иманғалиевтің айтуынша, газ бен су келіп тұрған мектептердің бәрінде өз жылыжайы болуы үшін күш салынуда. Қазір ауданда үш мектептің жылыжайы жұмыс жасап тұрса, жыл соңына дейін олардың саны 10-ға жетпек.
Мектептер жанында жылыжай салу Бөкей ордасы ауданында да қолға алынған. Бұл - өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында жасалып жатқан шаралардың бірі.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).