Мемқызметкер мемлекетке 20,5 миллионға жуық теңге көлемінде залал келтірді

ОРАЛ. Наурыздың 30-ы. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Облыстық экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті Н.Өтепқалиевке қатысты ҚР ҚК 316-бабы 1-бөлімі «б» тармағына сәйкес қозғалған қылмыстық істі айыптау қорытындысымен сотқа жіберді.

Департаменттің баспасөз қызметінен ҚазАқпарат тілшісіне хабарлағанындай, аталған азамат Орал қаласы сәулет және құрылыс бөлімінің бастығы қызметін атқара жүріп, қаладағы 7-шағынаудандағы 10 қабатты 78 пәтерлік тұрғын үй құрылысы бойынша жеңімпаз болып танылған «Металлқұрылыссервис» ЖШС-мен 2005 жылғы желтоқсанның 1-інде 30 515 223 теңгеге келісімшарт жасап, оны түгелдей аударып жіберген. Өкінішке қарай, осы қаржының 10 026 491 теңгесі игерілген де, қалғаны құрылысқа емес, кәсіпорын қажетіне жұмсалған. Кейін бұл нысандағы мердігер жұмысы мүлдем тоқтады. Сөйтіп мемлекетке 20 488 732 теңге көлемінде залал келтірілді. Орал қалалық соты Н.Өтепқалиевті ҚР ҚК 316-бабы 1-бөлімі бойынша айыпты деп тауып, бірақ мерзімі өтіп кетуіне байланысты ҚР ҚК 69-бабы 1-бөлімі «а» тармағына сәйкес қылмыстық жауапкершіліктен босатуға үкім етті.