Мемлекет Алматыны дамыту барысына үнемі көңіл бөліп отырады - Елбасы

АЛМАТЫ. Сәуірдің 9-ы. ҚазАқпарат /Дәурен Жайлин/ - Бүгін Алматыда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен қаланы стратегиялық дамыту мәселесіне арналған кеңес болды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.Мемлекет басшысы Алматы әкімі Ахметжан Есімовтің және оның орынбасары Ербол Шормановтың, Алатау ауданының әкімі Бағдат Мәнізоровтың және қала ІІД бастығы Ерлан Тұрғымбаевтың баяндамаларын тыңдады. Елбасы барлығынан да үнемдеуге тура келіп отырған дағдарыс жағдайына қарамастан, қала мұқтажы үшін қажет ерекше маңызды нысандарды қолдан шығармау керек екенін атап өтті. Президенттің айтуынша, Алматы ? Қазақстанның ең ірі қаласы, тәуелсіздік жылдары ол бесжұлдызды мейманханалармен, әсем кеңселермен және өте жайлы тұрғын үйлермен көркейе түсті. «Мемлекет Алматыны дамытуға үлкен қаражат салып отыр. Бюджет толыға түсуі үшін мен осында қаржы блогын әдейі қалдырдым. Мемлекет қаланы дамыту барысына үнемі көңіл отыр. Біз жыл сайын Алматыны дамытуға, көлік магистральдары айрықтарына және тағы басқаларына қаншалықты көңіл бөліп отырғанымызды бөлінген қаржы көлемінен де байқауға болады», - деді Н.Назарбаев. Ол халқының саны жағынан бас қала, қазақстандықтардың сүйікті де әдемі шаһары дамып, алматылықтар мен қонақтарға жайлы болуы үшін мемлекет бұл мәселемен бұдан былай да үнемі айналысып отыратынын атап көрсетті.