деп мәлімдеді Жер ресурстарын басқару агенттігінің төрағасы Өмірзақ Өзбеков. Бұл туралы ол бүгін Парламент Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ө.Өзбековтың сөзіне қарағанда, жер қатынастарын реттеу саласында бүгін жерді мақсатсыз пайдалануға қатысты мәселенің бар екені рас. Бірақ тиісті мақсатқа пайдаланылмай отырған жерді алып қою өте күрделі үдеріс. «Өйткені тиісті заңнамаларға сәйкес мұндай жерлерге байланысты ескертуді жер инспекциясының өкілдері тек екі жылдан кейін ғана бере алады. Ал сот органдарына талап-арызды тек осы жер иесіне ескерту жасалғаннан кейін бір жылдан соң ғана жасауға болады. Оның үстіне жердің мақсатсыз пайдаланылуына байланысты материалдарды сот алдында дәлелдеу де оңай шаруа емес. Бұл мәселе, яғни тиісті мақсатта пайдаланылмай келген ауыл шаруашылығы саласындағы жерлерді мемлекет меншігіне қайтару шараларын оңтайландыру жөнінде Мемлекет басшысы да тиісті міндеттер қойған болатын. Ал оны орындауда көріп отырғандарыңыздай, біршама кедергілер бар», - деді агенттік төрағасы.
Оның айтуынша, қазір осы мәселеге байланысты Парламент қарауына жолданған жаңа заң жобасында жерді пайдалануға берілген бес жылдың екі жылы дұрыс пайдаланылмаса, жерді сот арқылы мәжбүрлеп алу мәселесі қойылып отыр.
Агенттік төрағасының мәліметтері бойынша жер инспекциясының 2007-2009 жылдар аралығындағы ауыл шаруашылығындағы жерлерге жүргізілген мемлекеттік бақылау жұмыстарының барысында 63 мың гектарға жуық жер мемлекетке қайтарылған. Оның 25,6 мың гектары сот арқылы, ал 225 мың гектары жерді мүлдем пайдаланбау фактісіне байланысты иесіз жер деп танылып, есепке алынған.