Мемлекет басшысы Бозшакөл және Ақтоғай кен кешендерін іске қосты

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қазақстанды жаңа индустрияландыру. 2015 жыл қорытындысы» атты жалпыұлттық телекөпір барысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 'KAZ Minerals' тобының құрамына кіретін Бозшакөл кешені мен Ақтоғай кен байыту кешендерін іске қосуға рұқсат берді.

«Бүгін біздің компанияның ғана емес, еліміздегі мыс индустриясы үшін айтулы күн. Павлодар облысы Қазақстанның жаңа мыс өлкесі атанып келеді. Біз қысқа мерзім ішінде өндірісі жоғары әлемдік деңгейдегі тау-байыту кешенін салып шықтық. Бірінші кешен жылына 30 миллион тонна кен қазып, қайта өңдеп шығарады. Бұл дегеніміз - қазір Жезқазған аймағы түгел шығарып отырған кен өндірісінен әлдеқайда көп. Оның үстіне, Бозшакөлде бар болғаны бір жарым мың адам жұмыс істейтін болады, яғни, өндірістің өнімділігі Қазақстандағы қазіргі мыс өндіретін кәсіпорындармен салыстырғанда 15 есе артық болады. Яғни, өндірісте ең соңғы үлгідегі тау-кен техникасы пайдаланылады деген сөз. Кәсіпорынның жеке қуатты тау-кен техника паркі құрылған. Ал, жақын жылдарда Шығыс Қазақстан облысындағы екінші жобамыз - Ақтоғай кен байыту кешенінің құрылысын аяқтауды жоспарлап отырмыз. Дегенмен, Ақтоғайда қазірдің өзінде қышқыл кен өңдеу жөніндегі кешен жұмысын бастауға дайын. Және бүгін Ақтоғай кен байыту кешенінен алғашқы катодты мыс алғанымызды қуана хабарлаймын. Компаниямыздың барлық қызметкерлерінің атынан тау-кен саласы мен жаңа жобаларға деген Сіздің ерекше қолдауыңыз үшін алғыс білдіреміз! Біз Бозшакөл кешенінің құрылысын аяқтадық. Енді іске қосу және реттеу жұмыстарын бастауға рұқсат етіңіз!» - деп хабарлады телекөпірге қосылған «KAZ Minerals» тобының Басқарма Төрағасы Олег Новачук.

«Компания мен ең ірі металлургиялық кешеннің әрбір қызметкерін құттықтаймын. Өздеріңіз білесіздер, отандық кен өндірісі - біздің елдегі металлургияның басы болып саналады. Қазақстандағы кен өндірісі жойылады деп ойлаған шақтар болды. Қазір бұл сала жаңа даму сатысын аттағалы тұр. Ал, Ақтоғай Шығыс Қазақстанда жаңа өнеркәсіпке жол ашады. Бұл екі өндіріс Тәуелсіздікке тамаша тарту болайын деп тұр», - дей келе Мемлекет басшысы екі өндірісті іске қосуға рұқсат берді.