Елбасы жеделхатта ардақты ақынның дүниеден өтуі қазақ әдебиеті үшін орны толмас қаза екенін, оның азаматтық, патриоттық тақырыптарға жазылған, философиялық түйіндеулерге құрылған жырларын халқымыздың сүйіп оқитынын атап өткен.
«Қадыр Мырза Әли тек қаламгерлік қайратымен ғана емес, биік азаматтық болмысымен, еңбексүйгіштік қасиетімен де жұртшылыққа жақсы үлгі еді. Халқымыз оның жарқын дидарын, тапқыр да шуақты әзілін сөзсіз сағынатын болады. Қадырдай ақынның өмірі оның жүрегінің тоқтауымен аяқталмайды, енді оның шығармашылық мол мұрасының мәңгілік ғұмыры басталып, баянын таба беретіні сөзсіз», - делінген жеделхатта.