Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына бір топ зиялы қауым өкілдерінен хат келді - Президент поштасынан

АСТАНА. 24 қазан. ҚазАқпарат. Хат иелері еліміздің тәуелсіздігін алған алғашқы күндерден бастап зиялы қауым өкілдері Мемлекет басшысының Қазақстанның қалаларын дамыту туралы ұсынысына әрдайым қолдау білдіріп отырғанын атап өткен,

деп хабарлайды Мемлекет басшысының баспасөз қызметі.

Президенттің қала құрылысын жүргізу және елордамыз - Астананың әлеуметтік-экономикалық дамуы, оңтүстік мегаполис - Алматы мен өңірлік орталықтарды дамыту жөніндегі ұсыныстары қазақстандық қалаларды дамытудың басты векторын айқындап берді. Елбасының зор еңбегінің нәтижесінде жаңа тәуелсіз мемлекет - Қазақстан Республикасы құрылды, жаңа елордасы - Астана қаласы салынды.

Одан әрі хатта былай делінген: «Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, Сіз көп ұлтты Қазақстан халқын біріктірдіңіз. Біздің еліміз Сіздің дана басшылығыңызбен сеніммен алға қадам басып келеді. Қазақстанның шығармашыл қоғамдық ұйымдары Сізден ­­- Қазақстанның Тәуелсіздігінің 20 жылдығы құрметіне өз қаржымызға Сізге, қазіргі заманғы аса көрнекті мемлекет қайраткеріне, Алматы қаласындағы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті паркінде ескерткіш орнатуға рұқсат етуіңізді өтінеді».

Ұжымдық хатқа Қазақстан қала құрылысшылары одағының президенті Любовь Нысанбаева, ҚР архитекторлар одағының президенті Ақмырза Рүстембеков, Қазақстан дизайнерлер одағының президенті Тимур Сүлейменов, Суретшілер одағының президенті Байтұрсын Өмірбеков қол қойған.

Сонымен қатар хат иелері Мемлекет басшысына зор денсаулық, Қазақстан Республикасының игілігі жолындағы ұдайы еңбегіне сәттілік пен табыс тілеген.