Мемлекет басшысы Оралда жас отбасыларға арналған тұрғын үйде болды

ОРАЛ. 24 қазан. ҚазАқпарат - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев БҚО-ға келген жұмыс сапарының соңында «Жаңа орда» шағынауданында жас отбасыларға арналып салынған 108 пәтерлік тұрғын үйде болды.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Шәпкенов пәтерлердің жас отбасыларға берілу тәртібімен таныстырды. Мұнда үй алғандар (жасы 29-ға толмаған жастар) осында тұрып, үш жыл бойы қаржы жинақтайды, содан кейін алты жылға жеңілдетілген несие алады.

Бұл - «Ақжайық - Жас отау» ЖШС-ның жас отбасыларға арналған жоба бойынша салынған үшінші үй. Аталмыш жоба Батыс Қазақстанда 2006 жылы қолға алынып, облыс әкімдігінің қаулысымен «Ақжайық - Жас отау» ЖШС құрылған болатын.

Алғашқы үй 2007 жылы басталып, 2008 жылдың тамызында пайдалануға берілді. Оның құрылысына облыстық бюджеттен 273,626 млн. теңге бөлінді. Бес қабатты тұрғын үйге 75 жас отбасы орналасты. Бірінші жастар үйінің ашылу салтанатына 2008 жылы қыркүйек айында БҚО-ға жұмыс сапары барысында Елбасы қатысып, бұл оң тәжірибені жалғастыру, өзге аймақтарға тарату жөнінде тапсырма берген еді.

«Жаңа орда» шағынауданында бой көтерген екінші бес қабатты үйдің (75 пәтер) құрылысына облыстық бюджеттен 228,6 млн. теңге қарастырылып, ол 2010 жылдың шілдесінде іске қосылды.

«Жаңа ордадағы» 108 пәтерлік, 9 қабатты үшінші үйдің құрылысына алғашқы екі үйлердегі пәтерлерді сатудан түскен қайтарымды қаражат (330 млн. теңге) жұмсалды (ғимарат салудың жалпы шығыны - 589,35 млн. теңге). Қалған қаражатты (259,35 млн. теңге) мердігер «СВ плюс» ЖШС бөлді. Жаңа үйде 60 пәтер жеңілдікпен бөлінді.

Елбасы сапарының аяғында журналистерге қысқаша сұхбат берді. «Елімізде мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы орындалуда. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі жүйесіне қатысушылар үшін несиелік үйлер салынуда. Жас отбасыларға арналған қолжетімді баспаналар да бой көтеруде. Мына үй - соның бір көрінісі. Бұдан бөлек жалгерлік үйлер бар. Жалпы, бұл жүйе әлемде жақсы дамыған. Үшіншіден, жеке тұрғын үй салушыларға инфрақұрылым жеткізіледі. Сонымен қатар тұрғын үйлерді жаңғырту бағдарламасы жүзеге асырылуда», деді Президент. Елбасы Батыс Қазақстан облысының дамуында оң өзгерістер бар екенін айтып, сонымен бірге кемшіліктер бойынша нақты тапсырма бергенін жеткізді.

Президент бұдан кейін Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің және ТМД елдері басшылары кеңесінің отырыстарына қатысу үшін Минскіге ұшып кетті.