Мемлекет басшысы

АСТАНА. 17 қаңтар. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы 'Ақпараттық Қазақстан-2020' мемлекеттік бағдарламасын бекіту туралы' Жарлыққа қол қойды. Бұл туралы Көлік және коммуникация министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Министрліктің хабарламасына қарағанда, «Ақпараттық Қазақстан - 2020» бағдарламасының негізгі мақсаты - Қазақстанның ақпараттық қоғамға өтуін қамтамасыз етуге жағдай жасау. Бағдарламаны ҚР Көлік және коммуникация министрлігі Мемлекет басшысының «ҚАЗАҚСТАННЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК ЖАҢҒЫРТЫЛУЫ: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласында айтылған тапсырма аясында мүдделі мемлекеттік органдармен және сарапшылармен бірлесе отырып әзірледі.

Мемлекеттік бағдарлама мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыруды қамтамасыз ету, инновациялық және ақпараттық - коммуникациялық инфрақұрылымның қолжетімділігі, қоғамның әлеуметтік - экономикалық және мәдени тұрғыда дамуы үшін ақпараттық ортаны қалыптастыру, сондай-ақ отандық ақпараттық кеңістікті дамыту мәселелерін шешуге бағытталған. Ақпараттық технологияларды мемлекеттік органдардың барлық деңгейінде қолдану бақылау жүргізу мәселесінде бірізділікті қамтамасыз етіп, бизнес - процестер мен мәліметтердің бір-бірін қайталауын болдырмайды. Бұл өз кезегінде бюджет қаражаты шығынын азайтуға септігін тигізеді.

Бұдан бөлек, бағдарлама аясында Орта және шағын бизнес кәсіпкерлері, жұмыссыздар немесе жұмыспен жартылай қамтылған жастар, денсаулығына байланысты мүмкіндігі шектеулі жандар, қарттар және халықтың әлеуметтік жағынан қорғалмаған тобы үшін де компьютерлік сауаттылық курстары ұйымдастырылады. Бұл курстарда азаматтарды компьютерді жалпы қолдану және мемлекеттік қызметтерді электрондық нұсқада алу машықтары үйретілетін болады. Денсаулық сақтау саласын дамыту мақсатында қажет кезінде телекөпірлер мен консилиумдар, саланың жетекші мамандарымен консультациялар ұйымдастыруға мүмкіндік беретін қорғалған бірыңғай ақпараттық желі құрылады.

Сонымен қатар, билеттер электрондық нұсқада сатылатын бағдарлардың (рейстер мен бағыттардың) үлесі 2017 жылы - 40%-ды, 2020 жылы - 100% -ды құрайтын болады деп көзделуде. Қазақстандық телеарналардың таралу географиясы 2017 жылы - 100 елді қамтитын болады, ал 2020 жылы - 110-ға жетеді деп күтілуде. Ал, халықтың компьютерлік сауаттылығы 2020 жылға қарай 80%-ды құрауы тиіс.

Бұдан басқа, 2020 жылға қарай Қазақстанда эфирлік цифрлық желі құрылып, ол ел тұрғындарының 95%-ын эфирлік хабар таратумен және еліміздің аумағын 100% спутниктік хабар таратумен қамтитын болады.