Мемлекет басшысының алысты болжай білетін кемел көрегендігі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ата-бабаларымыз «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», өскелең кейінгі ұрпаққа бірлікті, жұдырықтай жұмылуды өсиет еткен.

Дана қазақ: «Ырыс, қайда барасың? Ынтымаққа барамын» деп қадап айтуы бекер емес. Ал, ұлт ұстазы, хакім Абайдың: «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген нақыл сөзі келешекке қалдырған аманаты іспеттес. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бұрынғы өткен даналардың сөзіне егемендік жылдар белесінде әрдайым жүгініп келе жатқанына куә болып отырмыз. Соның тағы бір нақты айғағы ретінде Елбасының «Нұр Отан» партиясы саяси кеңесінің отырысында «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» атты халыққа арнаған жаңа Жолдауын ерекше атап өтуге болады. Еліміз үшін маңызды болып табылатын жаңа экономикалық саясатта кемел келешегімізді айқындайтын басым бағыттармен бірге, тұрақтылықтың негізі - еліміздің әлеуметтік, рухани-мәдени мәселелерін де атап айтып, «Мәңгілік Ел» идеясының қазақстандықтар үшін маңызын толығымен түсіндіріп өтті. Сонымен қатар, биылғы жылы Қазақ хандығының 550 жылдығы, Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы, Жеңістің 70 жылдығы атап өтілетін болады.

Бұл шешімдер Мемлекет басшысының алысты болжай білетін кемел көрегендігін тағы бір айқын танытқан елеулі қадамы болғанын айтқан ләзім. Күллі әлемдегі кез келген егемен мемлекеттің сан ғасырлар белесінде өз маңызы мен құнын жоғалтпай, бабадан балаға асыл мұра болып келе жатқан заңдар жинағы болады. Осындай Ата Заң яки еліміздің әлемдік өркениетке қарай қарышты қадам басуының алғышарттарын жасап берген жасампаз құжат егемендіктің елең-алаң шағында қабылданған болатын. Бұл қазақ жерін мекендеген байырғы жұрттың сан ғасырлық арманы болса, демократиялық даму жолын таңдаған жас республиканың басқа елдермен терезесі тең болып, қанатын кеңінен жаюына мүмкіндік береді. Әлемдік дағдарыс сынақтары кезеңінде ел экономикасын тұрақтандырып, алдын алудың барлық шараларын қабылдау қажеттілігі туындады. Иә, мемлекетіміздің қысқа уақыт аралығында өз Конституциясын жасап, қабылдағаны талайларды таңқалдырғаны рас. Десе де біз құптай қарағандарға да, сынай үңілгендерге де мән берместен өлшеулі уақыт, табанды талап, шығармашылық іс-әрекеттің арқасында алға қойған мақсатымызға жеттік.

Ата Заң - ата-бабалар армандаған азаттығыңды айқындайтын, егемендігіңді паш ететін, Тәуелсіз ел екендігіңді танытатын, дербес мемлекеттігіңді көрсететін қастерлі құжат. Ата Заң - елдігіміздің тірегі, азаматтың арқа сүйер алтын арқауы. Біздің күллі тыныс-тіршілігімізді, өмір салтымыз, қоғамның тамыр бүлкілі - барлығы сол Заңнан бастау алатындығы рас. Ата Заң - тал бесіктен, жер бесікке дейінгі уақыт аралығында сіздің құқығыңызды сақтайтын, сөреде қараусыз жатпайтын алтын заң. Ата Заң - ел азаматының конституциялық құқын танытатын, әр отандасымыз бұлжытпай орындайтын заңдардың алтын арқауы, темірқазығы. Ата Заң - бабалар аманаты. Кешегі Қасымның «қасқа жолы», Есімнің «ескі жолы», әз Тәукенің «Жеті жарғысының» жалғасы, заңды мұрагері - Қазақ елінің бүгінгі Конституциясы. Тарихтың терең қойнауына үңілер болсақ, алғашқы қазақ хандығы құрылғанда ата-бабалар дәстүрімен қатар, 1511 жылы 19-баптан тұратын Негізгі заң қабылданған. Оған қазақ «Қасым ханның қасқа жолы» деп ат қойып, айдар таққан болатын. Әлі де солай аталады. 1690 жылы Тәуке хан «Жеті жарғыны» қабылдады. Бұл Заң - жеті әдеттік құқықтық жүйеден тұратын қоғамдық қатынастарды реттейтін салалардың жиынтығы. «Жеті жарғыны» жасауға данагөй билер белсене атсалысыпты. Аты аңызға айналған атақты Төле би қайтыс болар алдында үш жүздің игі жақсыларын жинап алып: «Аттың құнын, ердің құнын, әйелдің құнын өз ақылымызша шешкен жөн» деп кеңес берген екен. «Малға салсаң баспайтын, ұрсаң шаппайтын жабы бар да, қусаң жететін, қашсаң құтқаратын желден жүйрік тұлпар бар, екі адамның басы қосылса өсек айтатын әйел бар да, бір елге ана, пана болатын әйел бар. Шешім айтқанда осылардың ара-жігін ашып, екшеп барып, құн кесулеріңді өтінем», - деп аманаттапты артта қалып бара жатқан ел ағаларына.