ОРАЛ. 12 мамыр. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Батыс Қазақстан облысындағы жұмыс сапары жалғасуда.
Кеше Теректі ауданындағы өсімдік майын өндірумен айналысатын «Батыс Күнбағыс» АҚ-да, сондай-ақ Орал қаласындағы «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» АҚ-да болған Елбасы, бүгін өңірдегі танымал өндіріс орындарының бірі - «Оралагрореммаш» АҚ-ға ат басын тіремек. Елбасы Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасына сәйкес қолға алынып жатқан жобалар барысымен таныспақ. Осы орайда өңір кәсіпкерлерімен жүздесіп, мәселенің бүге-шігесіне көз жеткізбек.
Елбасы сонымен қатар Орал қаласында салынып жатқан Назарбаев Зияткерлік мектебінде болмақ. Бұған дейін еліміз өңірлерінде осындай алты мектеп жұмыс жасап тұрса, Оралда жетекші жетінші білім ордасы іске қосылмақ.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).