Мемлекет қаржысының көбі банктер арқылы айналымға жіберілген – депутат Жаңбыршин

АСТАНА. ҚазАқпарат – Кейінгі үш жылда түрлі жобаларға мемлекеттің кепілдігімен тартылған несие 2,2 триллион теңгені құрады. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында депутат Еділ Жаңбыршин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазірге дейін көптеген ірі инвестициялық жобалар: «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері», «Жайлы мектеп», инженерлік, көліктік және әлеуметтік инфрақұрылымдар мен басқа да жобаларды дамыту мемлекет бюджетінен, Ұлттық қордан 3 триллион теңгеден астам сомаға қаржыландырылып отыр. Кейінгі үш жылда түрлі жобаларға мемлекеттің кепілдігімен тартылған несие 2,2 триллион теңгені, ал Үкіметтің алған қарызы 1,8 триллион теңгені құрады», - деді Е. Жаңбыршин Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың атына жолдаған сауалында.

Бұл ретте ол осы инвестициялық жобаларға бөлінген ақшаның негізгі бөлігі екінші деңгейдегі жекеменшік банктерге орналастырылғанын айтты. Сонымен қатар, 2022 жылғы 30 қыркүйектегі жағдай бойынша «Самұрық-Қазына» қорының жекеменшік банктерде орналастырылған қаржы активтері мен ақшасы 5,9 триллион теңгені құрады.

«Яғни мемлекеттегі қаржының көбі жекеменшік банктер арқылы айналымға жіберілген. Мәселен, жоғарыда айтылған қаражаттың 1 трлн теңгесін бір жекеменшік банкке орналастырсақ, бұл банк жылына орташа есеппен 150 миллиард теңге табыс табады екен. Енді есептеңіз, қанша мемлекет қаржысы мен Үкімет алған қарыздар осы жекеменшік банктер арқылы өтті? Ай сайын инвестициялық кірістер мен қызмет көрсетуден түсіп жатқан миллиардтар жекеменшік банктерді Қазақстан экономикасын дамытуға мүмкіндік беретін бизнес жобаларды қаржыландыруға ынталандырмайды. Өйткені олар басын ауыртып, ойланбайды. Оп-оңай табыс келіп тұр. Бұлар әбден қаржылық монополист болып алған. Ақиқатына келгенде біз олигархтарды әрі олардың банктерін халықтың, мемлекеттің қаражаты есебінен қаржыландырып отырмыз және оны тексере де алмаймыз. Сонда Үкімет, құзырлы органдар мен агенттіктер қайда қарап отыр?», - деді депутат.

Оның айтуынша, жеке банктер сияқты қызмет көрсете алатын бірқатар мемлекеттік қаржы институттары елдегі ақша активтерін орналастырудан шеттетілген және олар үлкен қаржылық шығынға ұшырап жатыр. Мемлекет оларды банкрот қылмас үшін қаржылай көмек жасап отыр. Осындай жағдай ұлттық оператор - «Қазпошта» акцонерлік қоғамында орын алып отыр. Қолда бар ақпаратқа сәйкес, «Самұрық-Қазына» 2022 жылы ғана Қазпоштаға әлеуметтік шиеленісті төмендету үшін ескірген көлік базасын жаңарту мен жалақыны индексациялауға шамамен

11 миллиард теңге бағыттады. Соның өзінде Қазпошта былтыр 12 млрд теңгеге шығынға ұшырады.

«Бұл жағдайды қалай реттейміз? Шешім бар. Мәселен, жекеменшік банктерге орналастырылған «Самұрық-Қазына» қорының 6 триллиондай қаржылық активтерінің 10% ғана «Қазпоштаға» орналастырылса, онда мемлекеттік компаниямыздың жылдық табысы шамамен 40 миллиард теңгені құрайды. Яғни «Қазпошта» донор компанияға айналады. Бюджет үнемделеді, «Самұрық-Қазына» дивидент алып, ел қазынасына қаржы құяды. Мемлекет қаржысы жеке банктердің дивидентін көбейтуге жұмсалмайды. Тағы бір айта кететін жайт, мемлекеттік қаржы институттары арқылы өтетін қаржыларды Парламент те, Үкімет те толық бақылай алады», - деді Еділ Жаңбыршин.

Оның пайымынша, мемлекеттік компаниялардың қаржысын халыққа тиімді пайдалану жөнінде жан-жақты талдау жасалынып, тиісті шешім қабылдануы керек.

«Үкіметтің инвестициялық жобаларға алатын несиелері, қарыздары, оған бөлінетін бюджеттік қаражаттары мемлекеттік қаржы институттарында, бірінші кезекте «Қазпоштада» орналастырылсын. «Самұрық-Қазына» қорының қаржылай активтерін кезең-кезеңмен мемлекеттік қаржы институттарына, оның ішінді «Қазпоштаға» орналастыру мәселесі қаралсын», - деді депутат.